«Өрт қайта өршіді»: ТЖМ Абай облысы маңындағы қою түтінге түсінік берді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысы Шүлбі кентінің маңындағы қою түтінге қатысты жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өрт қайта өршіді»: ТЖМ Абай облысы маңындағы қою түтінге түсінік берді

Бүгін Telegram-арналардың бірінде Абай облысында өрт қайта өршіп, Шүлбі кентінің маңын қою түтін басқаны жайлы видео тарады.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді: «Видео Шүлбі кентінің маңында түсірілген. Бұл жаңадан шыққан өрт емес. Оқшауланған өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі жағдайды ескере отырып, күштер мен құралдар қайта топтастырылған. Төтенше жағдайлар министрі сол жақта жүр. Жағдай толығымен бақылауда», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

Ведомство дерегінше, өрттің оқшаулануы – бұл өртті сөндіру сатысы.

«Осы кезде елді мекендерге қауіп төнбейді, өрттің таралуы тоқтатылады және қолда бар күштер мен құралдар оны толықтай сөндіруге жұмылдырылады. «Семей орман» табиғи резерваты аумағында табиғи өрт толық өшірілгенге дейін тұрақты түрде аэровизуалды бақылау жүргізілуде», - делінген ақпаратта.

Еске салайық, «Семей орманы» табиғи резерваты аумағындағы өрт 8 маусымда тұтанған болатын. Салдарынан отпен күреске жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды.

14 маусымда өрттің таралуы тоқтатылды.

15 маусым күні Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев өрт 4-5 күнде ауыздықталуы мүмкін екенін айтты.