Өрт кезінде інісін құтқарды: көкшетаулық 10 жасар бала медальмен марапатталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Өрт кезінде кішкентай інісін құтқарған Көкшетау қаласының 10 жасар тұрғыны Артур Гаитовке «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі табыс етілді.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Артур үйінде болған өрт кезінде ерлік танытқан. Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Асхат Ақылжанов ҚР ТЖ министрінің жарлығымен жас батырға медаль тақты.


«Артур Гаитов өзін батыр санамайды. Алайда, үйі отқа оранған кездегі оның әрекеті ерлікпен пара-пар. Бір аяғы гипске таңылған ол абдырап қалмай, бірден үйдегі электр қуатын өшіріп, өрт сөндірушілерді шақырды. Артынша, бір жасар інісін қолына алып, терезеден сыртқа шыққан», - деп жазды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда өрт шыққан үйден 25 адам эвакуацияланғанын жазған едік.