Өрт сөндіру кезінде қаза тапқан инспектормен қоштасу рәсімі өтті - ҚР ҚОҚМ

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында орын алған өртті сөндіру кезінде қаза тапқан инспектор Павел Мальцевпен қоштасу рәсімі өтті.
None
None

Бұл туралы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қаралы жиынға ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі орман және аңшылық комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров қатысты. Ол ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұжымы және өз атымнан Сізге, жақын-туыстарға Павел Петровичтің қазасына байланысты көңіл айтамын.

Сіздің жұбайыңыз еліміздің табиғи байлықтары мен басқа адамдардың өмірлерін қорғау барысында өзінің қызметтік және азаматтық борышын орындау кезінде қаза тапты.

Оның қызметі - өз ісіне жауапкершілікпен қараудың үлгісі. Отбасыңыз душар болған ауыр қазаға ортақтасып, Сізбен бірге қайғырамыз»,- делінген министр Н. Қаппаров жолдаған жеделхатта.

Естеріңізге салайық, П. Мальцев Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында 20 қазан күні басталған өртті сөндіру кезінде ауыр жарақаттанған болатын. Жараланған инспектор дереу Алматы қаласының жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді, алайда жарақаттардың ауырлығы салдарынан оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

П. Мальцевтің артында зайыбы мен екі баласы қалды.

Орын алған жағдай бойынша құзырлы органдардың қызметкерлерінен арнайы комиссия құрылып, болған істің анық-қанығы анықталып жатыр.

Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, марқұмның отбасына материалды көмек көрсетіледі.

Ормандағы тілсіз жаумен күрес шаралары жалғастырылып жатыр. Күннің күрт жылынуы, қатты жел және жанып жатқан орманның таулы жерде орналасқаны өртпен күресу барысында көп қиындықтар туғызып отыр.

«Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының диспетчерлік қызметінің мәліметтері бойынша, өртпен күреске Алматы қаласының құтқару қызметінің, қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктердің 4 тікұшағы жұмылдырылды.

Сонымен қатар, тілсіз жаумен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының, төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің және «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының 182 қызметкері күресіп жатыр.

22 қазан күнгі сағат 11.00-дегі жағдай бойынша, орман өрті 7 га алқапты алған.

Соңғы жаңалықтар