Өрт сөндіру қызметі «кадрлық аштықты» бастан кешіп жатыр - мәжілісмен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Депутат Тұрғын Сыздықов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында өрт сөндірушілердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өрт сөндіру қызметі «кадрлық аштықты» бастан кешіп жатыр - мәжілісмен

Ол ІІМ мен ҰЭМ, Қаржы министрлігі басшыларына депутаттық сауал жолдады.

«Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының ерлікке пара-пар жұмысы жоғары жауапкершілікті талап етумен шектеліп қалмауы керек. Олар мемлекеттің зор қолдауына мұқтаж. Бүгін өрт сөндірушілердің мәселесін көтерсек деп отырмыз. Соңғы 5 жылда ресми деректерге сәйкес, 70 мыңға жуық өрт болып, 2 мыңға жуық адам тілсіз жаудың салдарынан қайтыс болған. Біздің есептеуімізше, аталған қызметте жүрген адамдарға деген көзқарасты өзгерту керек. Бұрынғы көзқарас бойынша адамдар әлі де өрт сөндіру қызметкерлерін «ұйқыдағы қызметкерлер» деп ойлайды. Бұл түсінік азаматтардың санасын сіңіп қалған. Осының салдарынан бюджетті бөлу кезінде аталған қызмет ең соңғы сатыда қалады», - дейді депутат. 

Мәжілісменнің айтуынша, өрт сөндіру қызметінен көптеген кадрлардың кетіп жатқаны алаңдатады.

«Жастар өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасқаннан кейін бір айдан соң кетіп қалып жатады. Үміткер ретіндегі бір айлық сынақ мерзімі, кәсіби даярлық үшін оқу орнында 2,5 ай оқу, одан кейін айына бар-жоғы 43 мың теңгеге 3 ай бойы сынақта жүру - үміткерлерге ешқандай таңдау қалдырмайды», - дейді ол.

Депутаттың келтірген мәліметіне сүйенсек, өрт сөндірушілердің баспана мәселесі де шешілмеген. Ал әскерилер мен полиция қызметкерлеріне берілетін коммуналдық төлемдегі жеңілдік, тегін жол жүру ТЖ қызметкерлерінде қарастырылмаған.

«Жас қызметкерлерге берілетін еңбекақыны арттыру, сынақ мерзімін қысқарту, жеңілдіктерді қалыпқа келтірудің маңызы зор. Осы шаралар қолға алынса, аталған салада кадрлық «аштық» жойылып, олардың имиджі арта түсер еді. Олардың материалдық-техникалық қамтылуы да көңіл қуантарлық емес. Мәселен, Қостанайдағы ТЖД-да автокөліктік штаты нормативке сәйкес 647 техника болуы керек. Ал қазіргі таңда онда бар-жоғы 149 ғана. 2014 жылдан бастап 4 техника ғана жеткізілген», - дейді депутат.

Мәжілісмен осындай мәселе республикадағы барлық қалалар мен аудандарды мазалап отырғандығын жеткізді.

«Сол себепті, жауапты министрлікте өрт сөндіру қызметтері үшін көліктік кәсіпорын ашудың маңызы зор. Уақтылы өрт шыққан жерге жету қиындық туғызып барады. Сол себепті осы мәселелерді негізге алған дұрыс деп ойлаймын», - деп түйді Сыздықов.