Өрт сөндіру қызметтеріне 2 мыңнан астам арнайы автокөлік қажет
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде өрт автокөліктері паркінің тозуы 55 пайызға жетіп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы мен Мәжіліс депутаттарының кездесуі барысында Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, өрт сөндіру қызметтеріндегі өрт автокөліктерінің паркінде 2 642 дана автокөлік техникасы бар. Осы орайда ол бүгінде аталған қызметтер заманауи өрт сөндіру техикасымен толығып отырғандығын жеткізді.
Соңғы 7 жылда мемлекеттік сатып алулардың нәтижесі бойынша министрліктің өртке қарсы қызметі 325 отандық өрт автокөліктерімен жасақталды. «Жалпы осы мерзімде өртке қарсы қызмет бөлімшелері үшін 793 дана түрлі мақсаттағы өрт сөндіру автокөліктері сатып алынды»,-деді ол.
Көліктерді сатып алу шаралары жүріп жатқанына қарамастан бұл әлі де жеткіліксіз. Қазіргі кезде өрт автокөліктері паркінің тозуы 55 пайызға жеткен. «Бүгінде аталған автокөліктерге деген қажеттілік 2 212 дананы құрап отыр. Ол үшін 10 жыл мерзімде өрт техникасымен кезең-кезеңмен қамтамасыз ету тұрғысында жыл сайын кем дегенде 5 млрд. теңгеге 215 автокөлік сатып алу қажет болады», - деп түйіндеді С. Әубәкіров.