Өрт сөндіруші ер адамды жанып жатқан үйден алып шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өрт сөндіруші ер адамды жанып жатқан үйден алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт сөндіруші ер адамды жанып жатқан үйден алып шықты

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өңірде өз міндетін мінсіз атқарып жүрген қызметкерлердің бірі - Бөрлі ауданында орналасқан №8 өрт сөндіру бөлімінің бөлім командирі, азаматтық қорғау старшинасы Жанболат Боташев.

Қаратөбе ауданында туып-өскен қырық жасар Ж.Боташев қызметтен тыс уақытта да оқыс оқиға бола қалған жағдайда дұрыс шешім қабылдап, жедел әрекет жасай біледі. Бұған 24 қаңтар күні сағат 14.00-де Ақсай қаласына қарасты Қызылтал ауылы Ақсуат көшесі 34-үйде болған өрт дәлел.  Сол күні үйінде демалыста болған ол көрші үйдің есігі мен терезесінен от шығып жатқанын көреді де, дереу інісі Құмарғали мен ұлы Жандосқа су айдау моторын қосып, су тасуды бұйырып, өзі өрт орнына қарай жүгіреді.
null 

«Бара жатып, 101 телефоны арқылы әріптестеріме хабарлап, алдымен кіреберісті су шашып сөндірдім. Сосын еңбектеп, ортаңғы бөлмеге өттім, жер үстел кедергі болмасын деп, алып тастамақшы болғанда, қолыма адам денесі ілікті. Көтерісуге көршім мен інімді шақырып, сыртқа алып шығып, жерге кілемше төсеп жатқыздық. Үй жанындағы көлікті дереу дәрігерге жіберіп, жедел жәрдем келгенше, зардап шегушіні кілеммен көтеріп, көрші үйге кіргізіп, көмек көрсеттік.  Кейін №8 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы келіп, «тілсіз жауды» толықтай ауыздықтады», - деді Жанболат Лесұлы.

Өрттен аман қалған 1958 жылы туған тұрғын қазіргі кезде Бөрлі аудандық орталық ауруханасында ем алып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оның жағдайы тұрақты ауыр. Оксигенатормен тыныс алуда.