Өрт сөндіруші қызметінің ел білмейтін қырлары

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Күн сайын қызыл жалынмен күреске түсетін өрт сөндірушілердің жұмысы ауыр екенін білсек те, оның көп тұстарынан бейхабармыз. Осы ретте, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмыс барысының кейбір сәттерін таныстырып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт сөндірушілер жұмысы ең қауіпті жұмыстардың тізімінде тұр. Негізінен құтқарушылар ауысыммен жұмыс істейді. Ал егер қандай да бір төтенше жағдай болса, онда еш үзіліссіз тер төгуге дайын.

«Өрт сөндірушінің киімін жасау үшін 150 градусқа дейінгі температураға төтеп бере алатын арнайы мата қолданылады. Сонымен қатар, ол концентрацияланған қышқылдар мен сілтінің әсерінен қорғайды. Осының арқасында өрт сөндірушілер адамдарды жанып жатқан үйлерден алып шыға алады», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Жұмыс қауіпті әрі өте ауыр. Өйткені, күнделікті киетін киім салмағы 30 келіге жетеді. Мұның бәрі киімнің неден жасалғанына және өзімен алып жүрген жабдықтарға байланысты. Осындай жағдайларды ескере отырып, өрт сөндірушінің жұмысына тек физикалық тұрғыда жақсы дайындалған азаматтар ғана жарайтыны түсінікті.

«Өрт туралы хабар келгенде, бөлімше қызметкерлеріне форманы киіп, оқиға орнына бару үшін жиналуға небәрі 60 секунд бар. Сол үшін арнайы киімдерді ерекше әдіспен дайындап қою шарт. Мысалы, өртте киетін күрте алдын ала теріс аударылып, сондай-ақ шлем, шалбар, өрт белдігі белгілі бір тәртіппен орналасады», - делінген ақпаратта.

Көлікте 5 тоннадай суды сақтайтын цистерна болады. Әр машинада суды тез толтыруға арналған сорғы бар.

«Өрт сөндірушілердің жұмысы туралы фильмдерде олардың жанып жатқан ғимаратта қалай оңай қозғалатыны және зардап шеккендерді немесе шығу орнын тез табатыны көрсетіледі. Бірақ, шынайы өмірде бәрі керісінше. Түтін салдарынан жанып жатқан үйде ештеңе көрінбейді. Ал лаулап жатқан от дыбысынан ештеңе де, тіпті адамдардың айғайы да естілмейді. Десе де, мұндай жағдайда масканы шешіп тастауға болмайды. Әйтпесе, өрт сөндіруші тұншығып қалуы мүмкін. Сондықтан, құтқарушылар жанып жатқан бөлмелерде колмен қабырғаны сипап жүріп қозғалады», - дейді баспасөз қызметінің мамандары.


Фото: ШҚО ТЖД



Соңғы жаңалықтар
telegram