Өрт сөндірушілер қатарына қабылданған жас қызметкерлер ант берді (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өрт сөндірушілер қатарына алынған жас сарбаздар ант қабылдады. Салтанатты шара 20 мамыр теміржолдағы жарылыста қаза болған 9 өрт сөндірушіні еске алу күніне орай өткізілді.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл өрт сөндіру горнизоны 150 жаңа сарбазбен толықты.
Жиналғандар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Айта кету керек, қайғылы оқиға 1989 жылы 20 мамырда Алматы-2 вокзалында орын алған еді.
Екі тепловоздың соқтығысуынан газ толтырылған 1 цистерна зақымданып, өрт шыққан еді. Екінші цистернадағы газ атылған кезде 300 метрлік биіктікке шапшыған жалын маңындағыларды өртеп жіберген болатын.
Өрт сөндірушілердің ерен еңбегінің арқасында қалған газ толы 4 цистерна қауіпсіз жерге жеткізіліп, толассыз жарылыстың алдын алу мүмкін болды.
Отпен алысып жүріп қаза болған 9 өрт сөндірушінің ерлігінің арқасында үйлер мен адамдар аман қалды.
И.Ф.Сафаргалиев, Р.С.Қасымов, С.К.Әлімтаев, И.А.Абдранов, Ф.А.Шәріпов, К.Аққұлов, Е.К.Ысқақов, В.В.Никуленко мен М.И. Мәліков «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
Осы уақыттан бастап Алматы өрт сөндіру горнизонына қабылданған жас сарбаздар 20-мамырда ант береді.