Өрт сөндіру бекеті, 12 баспана: қызылордалық меценат ауылын көркейтуге үлес қосып жүр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылындағы шаруашылық басшысы Әбдіхамит Аралбаев ауылдық жерде өрт сөндіру бекетін салуға демеушілік көрсетіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін жуырда «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.
Құны 50 млн теңге болатын бекет биыл қыркүйекте «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында пайдалануға берілді.
- Бұл нысан төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге, өрттің алдын алуға және тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді. Ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға, одан бұрын елдің амандығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге осылай жанашырлық танытқымыз келді, - деді Әбдіхамит Аралбаев.
Әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына демеушілік жасаған кәсіпкердің есімі «Оңталап» шаруа қожалығының жетекшісі ретінде жақсы таныс. 1998 жылы шағын қожалық ретінде ашылып, 2015 жылдан бастап іріленген құрылымға айналған кәсіпорынның жүріп өткен жолы көпке үлгі. Осы аралықта шаруашылық ауылдың аяққа тұруына айтарлықтай ықпал етті.
- Биыл жалпы көлемі 1265 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын ектік. Оның 661 гектары – күріш, 294 гектары – жаңа жоңышқа, 310 гектары – ескі жоңышқа. Қазіргі күні шаруашылықта 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің жалақысы уақытылы төленіп, олардың әлеуметтік жағдайына ұдайы көңіл бөлеміз. Бұдан бөлек, шаруа қожалығы еңбеккерлер мен жер үлескерлеріне қолдау көрсетіп келеді, - деді кейіпкеріміз.
Шаруашылықтың қолдауы өндірістік қызметпен ғана шектелмейді. Кәсіпкер қоғамдық шараларға демеушілік көрсетіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларға да атсалысып жүр.
- Биыл мәдени-бұқаралық және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға жалпы көлемі 1,6 миллион теңге қаражат бөлінді. Құны 30 миллион теңге болатын спорт алаңын салып, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жағдай жасадық. Бұл нысан жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына және бұқаралық спорттың дамуына мүмкіндік берері сөзсіз. Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Баспанаға мұқтаж отбасыларға 12 тұрғын үй сатып алып, иелеріне кілтті табыстадық. Бұдан бөлек Ақтөбе ауылындағы 150 адамға арналған Әбу Ханифа мешітінің құрылысына 35 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеттік, - деді кәсіпкер.
Әбдіхамит Аралбаевтың ауылды дамытуға бағытталған бастамалары жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге сеп. Кәсіпкер «Ерен еңбегі үшін» медалінің кеудесінде жарқырауы ауыл шаруашылығын дамытудағы, тұрғындарды жұмыспен қамтудағы және ел игілігіне арналған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы еңбегінің бағалануы деп есептейді.
Еске салайық, тамыз айында Мемлекет басшысының қабылдауында болған Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Елімізде 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынғанын жеткізді.