Өрт сөндіру құралдары болмады – хостелдегі өрт оқиғасының куәгері

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 

хостел
Фото: Александр Павский / Kazinform

Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар – Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник.

Кезекті сот отырысында хостел әкімшісі Татьяна Гвоздинадан жауап алынды. 

Айтуынша, қараша айының басында жұмысқа орналасқан. Ол хостелде күйеуімен бірге тұрған, оның негізгі міндеті – хостелге келген адамдарды тіркеу және тәртіпті қадағалау.

«Өрт таңғы сағат 5:30-да шықты. Бұл уақытта мен қабылдау бөлмесінде ұйықтап жатқан едім. Дабыл дыбысынан оянып кеттім. Мен жігіттердің далаға жүгіріп шығып бара жатқанын көрдім, артынша түтін шықты. Дүрбелең басталып кетті. Сыртқа бірінші болып жертөледе тұратындар шықты», - дейді ол. 

Сонымен қатар куәгер ғимараттан жалпы эвакуациялық жоспарды байқамағанын жеткізді. 

«Хостелде эвакуациялау бағытын көрсететін жоспарды көрмедім. Ғимаратта өрт сөндіру құралдары болған жоқ. Маған ешкім өрт қауіпсіздігі бойынша іс-қимылдарды түсіндірген жоқ. Бірақ, өрт дабылдары болды және автоматты түрде іске қосылды», - деді Татьяна Гвоздина. 

Осыған дейінгі сот отырысында сотталушы Әділбек Мұхамедьяровтың жұбайы Ботагөз Мұхамедьярова тергеу барысында қасақана өртеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді. 

Сондай-ақ прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыған болатын. 

Прокурордың сөзінше, айыпталушы Мұхамедьяров ғимараттың функционалдық мақсатын өзгертіп, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар жалға алушы ол жерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған. Дәлізге төсектер орналастырып, бірінші қабаттағы эвакуациялық есікті жиһаздармен жауып тастаған. Сондай-ақ жертөленің авариялық шығу есіктерін бекітіп қойған. 

Пекельник өрттен қорғау жүйелерін жобалауға қажетті лицензиясының жоқтығына қарамастан, қолданыстағы дабыл жүйесін визуалды тексеріп, диагностика жүргізген. Бірақ ол бөлмелердің функционалдық мақсаттары мен ерекшеліктерін ескермеді. 

Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын. 

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды. 

Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. 

Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды. 

Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған. 

Өткен жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды. 

Соңғы жаңалықтар