Өрт сөндіру техникасының көпшілігі есептен шығаруға жатады – Қанат Бозымбаев

АСТАНА. KAZINFORM – 45 млрд теңгеге 1 312 өрт сөндіру техникасына сатып алынбақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. 

Қанат Бозымбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы жағдайына назар аударғым келеді. Қолда бар арнайы техниканың айтарлықтай тозуы, өрт сөндіру станциялары, мұнаралар мен өртті ерте анықтау жүйелері санының жеткіліксіздігі табиғи өрттерге жедел ден қоюға мүмкіндік бермейді. Техниканың көпшілігі есептен шығаруға жатады. Бұл ретте жекелеген өңірлер бірнеше жыл бойы осы бағыттағы жұмыстың төмен қарқынын көрсетіп отыр. Мысалы, тиісті жабдықтармен қамтылған Атырау өңірі тек - 47, Түркістан - 47, Ақтөбе - 53, Жамбыл - 62, Шығыс Қазақстан - 63 пайыз», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның атап өтуінше, биыл Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктері және өңірлер Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржылық лизингі арқылы материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелерін пысықтап жатыр. 

«Жалпы, 45 млрд теңгеге 1 312 өрт сөндіру техникасына сатып алу көзделіп отыр. Қазір мүмкіндік бар. Бірақ, егер министрліктердің мекемелері лизинг сатып алу конкурстарын өткізуге өтінімдер жіберген болса, өңірлер лизинг берушілердің қызметтеріне ақы төлеу бөлігінде облыстардың қаржыландыру жоспарына өзгерістерді әлі енгізбеген. Осыған байланысты еліміздің басым бөлігінде өрт қаупі тәуекелдерінің сақталып отырғанын ескеріп, Олжас Абайұлы, сізден облыстардың әкімдеріне 10 тамызға дейін облыс мәслихаттарына бюджеттерге түзетулерді бекіту және сатып алу шараларын қабылдау үшін тисті тапсырма беруіңізді сұраймын», - деп өтінді Қанат Бозымбаев Премьер-Министрден. 

Өз кезегінде Үкімет басшысы тиісті тапсырмасын хаттамаға енгізуді жүктеді.

Соңғы жаңалықтар