Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір - Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуі барысында ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.
– Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды, оның ішінде Германияға аса маңызды материалдарды жеткізу көлемін ұлғайтуды басты бағыттың бірі деп санайды.
– Қазақстан Германия компанияларын сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Өңірдегі кенді бастапқы және қайта өңдей отырып, «шикізатты технологияға айырбастау» қағидаты бойынша серіктестік орнатуды ұсынамыз. Бұл орайда HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстан облысында литийді игеру және өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруын құптаймыз. Оның құны 500 миллион доллардан асады. Біз еліміздің аумағында бағалы және түсті металдардың кен орнын барлап, игеру үшін германиялық инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Еуропалық серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстанның Технологиялық болжау орталығы базасынан Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құрған жөн деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесіне де баса назар аударылды.
– «Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан перспективасы зор. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.