Ортағасырлық Сарайшықтан көне кесененің дромосы табылды

кесене
Фото: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы ортағасырлық Сарайшық қалашығынан көне кесененің дромосы табылды.

Махамбнт ауданында орналасқан тарихи мекенде археологиялық қазба жұмысы жүріп жатыр. Ғалымдардың пікірінше, дәл мұндай нысан бұрынғы зерттеулерде кездеспеген. ХV-XVI ғасырларға тән нысан күйдірілген кірпіштен қаланған. Алайда кесененің күмбезі қирап қалған. Ал жабық дәлізі сол қалпында сақталған. 

кесене
Фото: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

«Мұндай кесенелер Сарайшық қаласында бұрында да анықталған. Бірақ олар қатты бүлінген еді. Бұл кесененің дромосы толық сақталып қалған. Әзірге алдын ала болжам бойынша мұнда мәртебелі адамдар жерленген болуы мүмкін», - дейді археолог Амангелді Заинов.

Оның айтуынша, есігі оңтүстік шығысқа қараған дромостың ұзындығы – 170, биікті – 60 сантиметр. Әзірге дәліз жартылай қазылған. Қазба жұмысы үш бөлікке бөліп жүргізілді. Дәлізге жалғасқан көлемді қабірдің қабырғасы табылды. Анықталған қабырғаның ұзындығы – 6, биіктігі – 1 метр, қалыңдығы – 55 сантиметр. 

кесене
Фото: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

«Бұл кесенені салуға сары және қызыл кірпіштер пайдаланылған. Сары кірпіштер – Алтын орда дәуірінің ескі кірпіштері, ал қызыл кірпіштер құрылыс салынарда күйдіріліп жасалғаны анық. Бұл – Сарайшықтағы ең сирек кездесетін нысан», - дейді археологиялық қазбаға қатысқан студент Ерасыл Өмірбек.

Дромостың оңтүстік бөлігінен шаруашылық бөлме де анықталған. Қазба кезінде қыш құмыралар мен түрлі бұйым, ортағасырлық сәндік жапсырмалар, мыс тиындар табылған. Археологиялық нысан алдағы уақытта терең зерттелмек. Ортағасырлық қаладағы қазба жұмысына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 19 студенті қатысқан. 

кесене
Фото: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
Соңғы жаңалықтар
telegram