Ортақ таңдау мозаикасы: Абай облысының жастары Құрылтай сайлауын еске салды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған шығармашылық, спорттық ойындар мен командалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ерекше форматта өткен шараға 300-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды ӨКҚ.
Дәстүрлі кездесудің орнына қатысушыларға интерактивті формат ұсынылды. Олар баяндамаларды жай ғана тыңдап қоймай, бағдарламаға белсенді араласты. Жастар спорттық ойындарда бақ сынап, командалық тапсырмаларды орындап, шығармашылық алаңдарға қатысты.
Мұндай формат алдағы сайлау туралы ақпаратты жастарға түсінікті әрі қызықты түрде жеткізуге мүмкіндік берді.
Іс-шараның негізгі бөлігі үлкен бірлескен композиция жасауға арналды. Әр қатысушы оның жеке бөлігін салып, кейін барлық сурет бір композицияға біріктірілді.
– Біртіндеп ондаған жеке жұмыстан Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған біртұтас картина құралды. Бұл идея алдағы дауыс берудің мәнін айшықтады: әрбір бөлік ортақ композицияны толықтыратыны секілді, әр азаматтың дауысы да жалпы таңдаудың бір бөлшегіне айналады, – дейді ұйымдастырушылар.
Шығармашылық арқылы Абай облысының жастары маңызды күнді еске салып, әр адамның қатысуы ортақ нәтижеге әсер ететінін көрсетті.