«Ортақ телеарнаның орайы келгелі тұр»- баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 тамыз, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Астық жинау: өткен жылдың сабағы көп» деген мақала берілген. Көктем мен күзде маңдайын күнге қақтаған диқанның қажырлы еңбегі болмаса, Қостанай облысы еліміздегі астық державасына айнала қояр ма еді? Алайда, табиғат-ана көктен нұрын сеппесе немесе көктем, күзде нөсер жаңбыр тыйылмай тұрып алса, диқанның да еңбегі еш, жігері құм болатын кез аз болмайды. 2014 жылы Қостанай өңірінде бітік егін шықты. Амал не, күзде аспанның түбі тесіліп кеткендей, табиғат шіркін диқанға орақ ұстатпады. Толассыз жауған жаңбырдан комбайндар жүре алмай, қаңтарылып тұрды. Күн жылт еткен сәтті пайдаланып орған астықтың ылғалдылығы өте жоғары болды. «Жақында облыс ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері астық жинау науқаны алдында бас қосып, кеңес өткізді. Қазір облыста негізі астық жинау науқаны басталды десе болады, арпа мен сұлыға орақ түскен. Бірақ негізгі аттаныс тамыздың 20-нан кейін басталмақ. Кеңесте айтылғандай, тамыздың 25-не қарай барлық астықтың 37 пайызы жиналса, 1 қыркүйекте бидайдың 90 пайызы қамбаға түсіп, сол айдың ортасына қарай науқан аяқталуы керек. Алайда, «үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» дегендей, алдын ала айтылған сөздің іске асуын алқаптағы ауа райының қолайлы-қолайсыздығы шешіп кететіні бар. Оның үстіне биылғы астық жинау науқанына көктемгі дала жұмыстарындағы қиындықтардың да салқыны тимей қоймайтын секілді»,-деп жазады мақала авторы. Бас басылымда «Ортақ телеарнаның орайы келгелі тұр» деген мақала берілген. Кеше Астанада Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің бірінші кездесуі болды. Онда түркітілдес елдердің ортақ телеарнасының тұжырымдамасы мақұлданды. Бір бұтақтан тарап, бір тамырдан нәр алып жер бетіне жайылған түркі баласының бірігуі жайында өткен ғасырдың басында Алаш зиялылары мәселе көтеріп, Бакуге атбасын тіреп, ақылдасқаны да бар. Алайда, кеңес өкіметі оның тынысын өркен жайдырмай-ақ бітеген еді. Ғасырға жуық арман болған мақсат-мұратқа тәуелсіздікпен бірге жол ашылды. Былтыр Бодрумда өткен саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдестердің ортақ телеарнасын ашу бастамасын көтеріп, ортақ тамырлас жұрттың өзара ақпарат алмасуының, озық тәжірибелермен ортақтасудың маңыздылығын баса айтқан. Арада жыл өткенде көтерілген келелі ой нақты жоспарға ұласыпты. Отырыс соңынан журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев «Түркітілдес елдердің ортақ телеарнасын ашу бастамасын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былтыр Түркияда көтерген болатын. Содан бері тараптар бірталай жұмыс атқарды деді. «Бүгінгі кездесуде ортақ телеарнаның жұмысы бойынша нақты ұсыныстарды қарастырдық. Арнаның тұжырымдамасы мақұлданды. Қорытынды хаттамаға, сондай-ақ, ұлттық телеарналар арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға және ақпараттық агенттіктер арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды», дей келе ол атқарылған жұмысты біздің мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында жасалған зор қадам деп есептейтіндігін жеткізді. ***
«Айқын» газетінің жазуынша, белгілі бір дәрежеде әрбір қоғамдағы тәртіп деңгейін паш етер көрсеткіштер бар. Соның бірі - әкімшілік айыппұл: ол неғұрлым аз салынса, тиісінше, тәртіп бұзушылар қатары да азайған деген байлам жасауға болады. Дегенмен, әзірге басқаша болып отыр. Кеше осы саланың қорытындысын шығарған Бас прокуратура жаңа Әкімшілік кодексті қолдану аясында, биылғы 7 айда еліміз бойынша 2 миллион 465 мың 24 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелгенін мәлімдеді. Бұл біле білсеңіз, өткен жылғы сәйкес мерзімге қарағанда 62,2%-ға көп! Былтыр қаңтар-шілде айларында республикада небәрі 1 миллион 519 мың 282 әкімшілік тәртіпсіздік жасалған болатын. Осы жайында «Айыппұл - айлықтың соры!» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Ұлт тарихына қатысты ұлағатты жол» деген мақала жарияланды. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақ хандарының жолымен» атты ғылыми экспедициясы өз қорытындысын шығарды. Экспедиция жетекшісі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған биылғы 3-10 тамыз аралығында жүзеге асқан сапардың барысында қандай тарихи орындарды зерттеп, нендей тұжырымдарға келгендерін айтып берді.
Астанадан жолға шыққан экспедиция қатысушылары жалпы ұзақтығы төрт жарым мың шақырымды жүріп, бірнеше облысты басып өткен. Мұндағы мақсат ұлт тарихындағы ұлағатты жерлерді аралау, олардың қазіргі жағдайын білу, оларды сақтау мәселелерін зерделеу, әралуан зерттеулер жүргізу болған. Бұл тарихи орындарды біріктіретін бір жайт бар: ғалымдардың байламынша, олар қазақ хандарының аттарымен байланысты. - Біз Алаша хан, Жошы хан, Ұлытаудағы Домбаула мазарларының, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстандағы Созақ, Сығанақ, Сауран көне қалаларының қалдықтарының қазіргі жай-күйін бағамдадық. Бұл маңызды, өйткені оларды жоғалтып алсақ, тарихи-мәдени мұраларының үлкен бөлігінен көз жазып қалуымыз ықтимал. Мұның сыртында Қазақ хандығының астанасына - Түркістанға сапар шектік, Тараз ескерткіштерін - Айша Бибі, Бабаджа қатын, Қарахан мазарларын қарадық. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Әлихан Бөкейхановтың туған жерлерін араладық. Сондай-ақ ХІХ ғасырдағы қазақтың соңғы хандарының бірі - Уәли ханның Ақмола облысындағы зиратына арнайы соқтық, - деді Бүркіт Аяған. ***
Павлодар облысында фермер өзінің егістерінде қарбыздың 48 түрін өсіріп жатқан көрінеді. Атап айтқанда, ол бір жылда шыққан өнімге талдау жасап, келесі жылға қалдырылатын түрлерін іріктеп отырады екен. Мәселен өткен жылы Қайрат Шапуовта қарбыздың 62 түрлі сұрыбын ексе, биыл 48 түрін таңдаған. Ол тек ең жақсыларын ғана алдағы жылға қалдырып отырады. Бұл жайында «Литер» газетінің бүгінгі санындағы "48 сортов арбузов выращивает на своих полях фермер из Лебяжинского района" деген мақаладан толықтай оқи аласыздар.