Ортақ түркі әліпби үлгісі туралы келісім саяси шешім емес – Саясат Нұрбек

Саясат Нұрбек қазақ ғылым саласының мүшкіл хәлге тап болу себептерін атады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Түркі әлемінің ортақ әліпбиі комиссиясының 34 әріптен тұратын әліпби үлгісіне қатысты қабылдаған келісімі саяси шешім емес. Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«Өздеріңізге мәлім, түркі мемлекеттерінің отырыстарында ғылыми қауымдастықтарға, ғалымдарға ортақ әліпби үлгісін қарастыруға қатысты бірнеше тапсырма берілген. Сондықтан бірнеше кездесу болды. Халықаралық Түркі академиясының негізінде бірнеше талқылау қорытындысынан кейін академия басшысы Шаин Мұстафаев мырза осындай құжатқа қол қойған. Тағы да айтамын, бұл Үкімет деңгейіндегі немесе саяси құжат емес. Тек ғылыми қауымдастық тарапынан талқыланып жатқан құжат», - деді министр.

Айта кетейік, Халықаралық Түркі академиясы 9-11 қыркүйек күндері Әзербайжан астанасында Түркі әлемінің ортақ әліпбиі комиссиясының үшінші отырысы өткенін хабарлаған болатын. Таратылған ақпаратқа қарағанда, отырыс қорытындысында 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпби үлгісі туралы ұсыныс бойынша келісімге қол жеткізілген.

Соңғы жаңалықтар
telegram