«Ортақ валюта қандай болуы керек?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 мамыр, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ортақ валюта қандай болуы керек?» - баспасөзге шолу

***

«Ақыры қол жетті! Үш жылғы төккен тер мен жұмсалған қаржының қарымы қайтты. Жігіттеріміз ерледі! «Астана арландары» елорданың «Сарыарқа» велотрегіндегі екі күн бойына шаршы алаңды шайқалтқан шайқастардың қорытындысы бойынша көптен көздеген кубогіне қол жеткізді. Астана командасы Бүкіләлемдік бокс сериясының үшінші маусымдағы жеңімпазы атанды!»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Астана арландары» - әлемдік серия жеңімпазы!» атты мақалада. Команданың осынау толағай табысқа қол жеткізгені ең соңғы, қосымша, негізгі жекпе-жектерден тыс шайқасты өткізіп, оны тамаша етіп аяқтаған Бағдат Әлімбековтің жеңісінен кейін ғана белгілі болды. Демек, WSB сериясының ең күшті ұрыс ұжымы деген атақты жеңіп алу біздің саңлақтарға оңайдан оңай келе салған жоқ. Ал екі күнге созылған айқастардың ақырғы нүктесін әдемілеп қоя білген Б.Әлімбековтің бұл маусымдағы алғашқы адымы ақиқатында ақжолтай болды. Сол сияқты қолдан сусып шығып кетіп бара жатқан жеңістің шылбырын қайта тартып алған Руслан Мырзатаевтың ұтысында да нышандық мән бар.

Осы басылымның жазуынша, негізі отырарлық Бекбатыр Әйменов пен аудандық полиция басшыларының бірінің арасындағы бұл дау ойламаған жерден тұтанған сияқты. Жылдың басында Қоғам ауылында үлкен жиналыс өтіп, сонда аудандық полиция бастығының орынбасары «өткен жылы бұл ауылда бар-жоғы 13 мал ұрлығы фактісі тіркелді» деп айтып жібереді ғой. Бұған ақсақал шарт ете қалады. Қалайша 13? Бұл ауылда малын ұрлатпаған үй бар ма екен? Болса да бірен-саран ғана. Осыны айтқан қарияға шенділер қарсы тұрып «алдымен дәлелдеңіз» деген ғой. Сонда Бекбатыр қажы қолына қағаз, қалам алып, жиналған халыққа «кім малын ұрлатты, мына қағазға жазыңдар» депті аналардың көзінше... Сөйтіп, қолды болса да полицияның қағазына түспей, не сайда саны, не құмда ізі жоқ 200-ге жуық ұрланған мал сопаң етіп шыға келіпті. Міне, осыдан кейін ел полицияға қалай сенеді? Бұл мақала «Ұры малды қыр асырады, полиция оны жасырады» деген тақырыппен берілген.


***


«Айқын» газетінде «Ортақ валюта қандай болуы керек?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кедендік одаққа мүше елдер үшін ұлтүсті ортақ - халықаралық валюталық-қаржы жүйесіне көшудің ауылы алыс емес сияқты. Осыдан екі-үш ай бұрын қазақстандық экономистер тобы Кедендік одаққа мүше үш ел арасында жүретін ортақ валютаның жүйесін жасауға кіріскен болатын. Топтың жетекшісі белгілі сарапшы-экономист Қанат Берентаев мұндай дайындық Одақ­қа мүше елдер ұлтүсті валюта құра қалған жағдайда қажет болатынын айтқан. Әри­не, неге болса да, алдын ала дайын отырған жақсы. Сарапшының айтуынша, бұл іспен бір­неше адам айналысқан. Бүгінде басталған іс аяқталып қалды.
Саяси шешім аяқас­тынан қабылдана салуы да мүмкін. Осы орайда, қазақстандық экономистер өзде­рінің жасаған жүйесін ұсына қоймақ. Жасалып жатқан жүйе КО-ға мүше үш елдің де мүддесін теңдей қорғауы тиіс. Он­сыз қабылданатын шешімнің технология­сы бұзылады. Қазақстандық сарапшылардың жасап жатқан валюталық жүйесінің басты ба­ғыты - Кедендік одаққа мүше үш елдің бірде-бірінде инфляцияның орын алуына жол бермеу. Яғни ұлтүсті ортақ валютаны ендірген кезде инфляцияның бір елден екінші елге өтуіне мүмкіндік бермейтін жүйені таратып айтатын болсақ, әр елдің дербес ақша саясаты сақталып қалады және олардың ықпалы бір-біріне тимейді.

Осы газеттің жазуынша, ТЖМ-де коррупционерлерге қарсы кең ауқымды тазалау жүріп жатқан көрінеді. Мұны кеше «Үкімет сағаты» аясында Парламент алдында есеп беруге келген Төтенше жағдайлар министрі В.Божко білдірді. Министрдің айтуынша, ТЖМ-ның бірнеше лауазымды шендісіне қатысты қылмыстық істер сотта қаралуда. Бұған қоса, министрлікте 850-ден астам қызметкердің жұмыстан қуылғандығы мәлім болды. Владимир Божко кеше басқа қызметтерді қоса атқарғаны үшін «коррупционер» атанып, істен аластатылған елордалық өрт сөндірушілерге қатысты өз шешімін жария етті: Олар қызметінде қалпына келтірілмейді. Мемлекет басшысының кезектен тыс аттестаттауды өткізу туралы Жарлығына сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде 15 мың 942 қызметкер сынақтан өткізіліпті. «Кезектен тыс аттестаттау сапалы кадрлық жаңаруға және моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен, коррупциялық мінез-құлықтағы, біліксіз қызметкерлерден тазаруға ықпал етті, - дейді ТЖМ басшысы. - Бұл кең ауқымды іс-шара қызметтік тәртіпті арттырды, қызметкерлердің теориялық, тәжірибелік, арнайы және физикалық даярлығын жақсартты». Бұл жайында «Жемқорлар жұмыссыз қалады» атты мақаладан оқи аласыздар.

***


«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлге Рейханлы қаласындағы жарылыстардың салдарынан көптеген жанның қаза болып және зардап шеккеніне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. «Лаңкестіктің етек алуы бүгінгі күні баршамызға ортақ қауіп-қатерге айналып отыр. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке қатер туғызатын лаңкестіктің кез келген түрін барынша айыптайды», делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаның салдарынан қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарының қасіреттеріне ортақтасып, шын ниеттен көңіл айтты.