Орталық Азия аймағы тұрақты, әрі қауіпсіз – ЕО-ның Қазақстандағы Елшісі
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанның туристік әлеуетіне қатысты ойымен бөлісті.

«Еуропа елдерінің тұрғындары Орталық Азияны қайта ашуда, өйткені мұнда қызықты іс-шаралар өтеді. Мысалы, алдағы V дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Орталық Азия аймағы тұрақты, әрі қауіпсіз, қонақжай, мәдениеті мен табиғатында өзіндік ерекшеліктері бар. Туристік әлеуеті әлі де кеңінен танымал емес, сол үшінде әуе тасымалын жиілетіп, туристерге ақпаратты қол жетімді ету қажет. Біз Транскаспий көлік дәлізі, ұлттық әуе қатынасы, шағын және орта бизнес жобалары сияқты бірқатар жобаға миллиондаған еуро инвестиция құйдық. Олардың барлығы бір–бірімен байланысты», - деді Кестутис Янкаускас БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
ЕО елшісінің айтуынша, жобалардың басты мақсаты – Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасында бизнес, мәдениет, туризм саласында қарым-қатынасты нығайту және ежелгі Жібек жолын жаңғырту.
«Мен жақында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бардым. Түркістанда көруге болатын көп нәрсе бар. Мәдени мұра орталығы ретінде Түркістан мен оның төңірегіндегі барлық инфрақұрылым жақсы дамыған. Қазір Қазақстанның туризм министрлігі қолжетімді және сапалы ақпаратпен қамту бағытында жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, туристер саны артып келеді, сәйкесінше Еуропа Қазақстан туралы мәліметтер кеңінен таралады», - деп толықтырды ол.
Бұған дейін Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас Жібек жолын жаңғыртуға қатысты пікірімен бөліскен еді.
Айта кетейік, бүгін Астанада Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесі 2018 жылдан бері іске асырып келген «Орталық Азиядағы Жібек жолы мұрасының дәліздері – Еуропалық мәдени мұра жылының халықаралық аспектілері» атты ауқымды өңірлік жобасының нәтижелері жарияланды.