Орталық Азия бүгінде климаттық өзгерістердің дәл ортасында тұр – Батыр Мамедов

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия өңірінің жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен 2 есе жоғары. Бұл туралы Өңірлік экологиялық форумның тақырыптық сессиясында Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығының атқарушы директоры Батыр Мамедов айтты. 

Вода на вес золота: как агросектор Казахстана противостоит климатическим вызовам
Коллаж: Kazinform/ИИ

- Орталық Азия бүгінде климаттық өзгерістердің дәл ортасында тұр. Өңіріміздегі жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Біз оның салдарын күн сайын көріп отырмыз. Жердің тозуы қазірдің өзінде аумақтарымыздың 80 пайызын қамтыды. Бұл жыл сайын елдер экономикасына жалпы ішкі өнімнің шамамен 6 пайызына тең шығын әкеледі. Бұл – тұрақсыз өткеннің өте үлкен құны. Бірақ бүгін біз тұрақты болашақты құру үшін жиналып отырмыз, - деді ол.

Оның айтуынша, Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығының миссиясы әрдайым елдер арасындағы көпір болу еді. Ал бүгінде бұл көпір декларациялар кезеңінен нақты өңірлік ынтымақтастық кезеңіне өтуді байланыстырып отыр.

- Біздің сессия – саяси ерік-жігердің арқасында қалпына келтірілген ормандар мен мыңдаған адамның қорғалған өмірін паш ететін алаң. Орталық Азиядағы осынау өзгерістердің негізгі құралы «Орталық Азиядағы тұрақты ландшафтарды қалпына келтіру бағдарламасы» болды. Дүниежүзілік банк пен халықаралық серіктестердің қолдауының арқасында тұрақты егін шаруашылығы 470 мың гектардан астам аумақта енгізілді. Бұл жай ғана статистика емес. Бұл - 300 мыңнан астам азаматымызды селден, су тасқынынан және шаңды дауылдан тікелей қорғайтын нағыз қалқан. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан түйіскен жерде трансшекаралық бейбітшілік паркінің құрылуы табиғаттың шекара танымайтынын көрсетеді. Ал оны басқару шын мәнінде біртұтас сипатқа ие бола бастады, - деді Батыр Мамедов.

Бұған дейін БҰҰ-ның Апаттар тәуекелін азайту жөніндегі Еуропа және Орталық Азия өңірлік кеңсесінің басшысы Наталья Алонсо Кано Орталық Азияның трансшекаралық ландшафтарын қалпына келтіру апат тәуекелдерін азайтудың негізгі стратегиясы екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар