Орталық Азия елдері арасында ЭЦҚ-ны өзара тану ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Трансшекаралық төлемдерді жеңілдету және электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) өзара тану Орталық Азия елдерінің цифрлық интеграциясын дамытуға бағытталған бизнес ұсыныстарының бірі болды. Бұл мәселелер бүгін Астанада өткен өңірлік дөңгелек үстелде талқыланды.
Орталық Азия финтех қауымдастығының төрағасы Отабек Насировтың айтуынша, бүгінде компаниялар көршілес елдердің нарығына шығу кезінде цифрлық кедергілерге тап болады.
– Цифрлық экономика туралы айтқанда, ең алдымен трансшекаралық төлемдерді жеңілдету қажет. Екіншіден, электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану мәселесін шешуіміз керек. Бұл бизнес үшін өте маңызды, – деді ол.
Сондай-ақ электрондық шот-фактуралармен жұмысты жеңілдету және дербес деректерді қорғау талаптарын бұзбай, елдер арасында қажетті ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер әзірлеу ұсынылды.
Отабек Насиров мысал ретінде Қазақстандағы сатушының Өзбекстандағы маркетплейсте жеке кабинет ашу жағдайын келтірді. Тіркелу үшін ол цифрлық сәйкестендіруден өтуі керек. Алайда екі елдің электрондық цифрлық қолтаңбасы әр елдің ұлттық жүйесі аясында жұмыс істейді.
– Біз азаматтардың дербес деректері туралы заңнаманы бұзбай, үкіметтер өзара келіскен жағдайда қажетті ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін алғышарттар жасағымыз келеді. Осылайша, азаматтар жұмыс істегісі келетін платформаларда кедергісіз тіркеле алар еді, – деп түсіндірді ол.
Ұсынылып отырған тәсіл әр елдің ұлттық цифрлық жүйесі мен заңнамасын сақтай отырып, олардың өзара үйлесімді жұмыс істеу тетіктерін қалыптастыруды көздейді. Бастамашылардың пікірінше, бұл финтех компанияларының, электрондық саудаға қатысушылардың және өңірдегі цифрлық платформаларда жұмыс істейтін сатушылардың қызметін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін дөңгелек үстелде Орталық Азия елдерінің бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдері өңірдің цифрлық интеграциясы жөніндегі үкіметаралық келісім жобасын талқылады. Құжат бірыңғай заңнама немесе ұлттық органдардан жоғары тұратын бірыңғай реттеуші құрмай-ақ, бес елдің цифрлық жүйелерінің өзара үйлесімділігін дамытуға бағытталған.
Бұған дейін Қазақстанның IT-экспорты 1,1 млрд долларға жеткенін жазған едік.