ОА елдері Қытай Мемлекеттік басқару академияларымен ынтымақтастықты нығайтуда

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM - Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті.

Орталық Азия елдері Қытай Мемлекеттік басқару академиялары
Фото: Астана мемқызмет хабы

Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы Қытай тәжірибесімен, оның ішінде инновациялық жобалармен танысып, бірлескен бастамалар келешегін талқылады.

Орталық Азия елдері Қытай Мемлекеттік басқару академиялары
Фото: Астана мемлекеттік хабы

Сапардың алғашқы күні Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовтің Қытай Ұлттық басқару академиясы бірінші вице-президенті Ли И мырзамен ресми кездесуі өтті.

Ли И былтыр құрылған Мемлекеттік басқару академиялары желісі тәжірибе алмасу және қатысушылардың әлеуетін арттыруда маңызы жоғары екенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет саласындағы мойындалған тұғырнама ретінде Астана мемлекеттік қызмет хабының осы қауымдастықтағы ерекше рөлін атап өтті.

Әлихан Байменов өз кезегінде академиялар желісі «ұдайы тәжірибе мен білім алмасатын жақсы институционалдық негіз» екендігін айта отырып, былтырғы бастамалардың белсенді түрде іске асырылып жатқанын жеткізді.

Орталық Азия елдері Қытай Мемлекеттік басқару академиялары
Фото: Астана мемлекеттік хабы

Биыл Қазақстанға атқарушы вице-президент Си Чунтао бастаған Қытай Ұлттық басқару академиясы делегациясы, сондай-ақ Ганьсу провинциялары мен Шыңжаң Өндірістік-құрылыс корпусы Мемлекеттік басқару академиялары жетекшілігі мен профессорлары келген.

Екінші күні «Басқарушылық әлеуетті модернизациялау бойынша бірлескен жұмыс» атты семинар өтіп, онда Қытай және Орталық Азияның барлық елдері мемлекеттік басқару академиялары басшылары, сондай-ақ Астана мемлекеттік қызмет хабы өкілдері өз ойларын ортаға салды.

Сапар бағдарламасы аясында делегациялар Ханчжоу қаласы Мемлекеттік басқару академиясы, «Ханчжоу қалалық миы» басқару платформасы, сондай-ақ ҚХР-ның екі ірі цифрлық компаниясы қызметімен танысты.

iFLYTEK компаниясы (Бейжің) синхронды аударма, білім беру, медицина саласындағы жасанды интеллект қолдану жобаларын қатысушылар назарына ұсынды.

Орталық Азия елдері Қытай Мемлекеттік басқару академиялары
Фото: Астана мемлекеттік хабы

«AliBaba» компаниясы (Ханчжоу) 25 жылдағы электронды коммерциядан бастап медицина, туризм, білім беруге дейінгі және басқа да салалардағы жетістіктерімен таныстырды.

Чжэцзян провинциясындағы Цзиньшань және Сяогучэн ауылдары жергілікті өзін-өзі басқару мен ауылдарды қайта жаңғырту бойынша озық мысалдармен таныстырды.

2023 жылы Бейжіңде Қытай-Орталық Азия мемлекеттік басқару академиялар желісін құру туралы келісімге қол қойылған. Оған 6 мемлекеттің - Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттік басқару академиялары, сондай-ақ Астана мемлекеттік қызмет хабы кірген. Желінің мақсаты - кадрларды даярлау мен қайта даярлауды қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласында тәжірибе мен білім алмасу.

Соңғы жаңалықтар