Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа арасындағы көпір: Қазақстан мен Дания ынтымақтастығы қандай деңгейде
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапармен келген Дания Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенмен кездесіп, қос тарап келіссөздер жүргізді.
Ресми жиында сөз алған Мұхтар Тілеуберді, ең алдымен, Қазақстан Дания сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға жасаған ресми сапарына ерекше мән беретінін атап өтті. Өйткені, тұғыры бекем, экономикасы қуатты, халықаралық сахнадағы беделі кеңінен мойындалған Дания - Еуропа кеңістігіндегі еліміздің маңызды серіктесі.
Одан бөлек, еліміздің Сыртқы істер министрі келесі жылы Астана мен Копенгаген арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 35 жыл толатынын айтты. Оның сөзінше, осы мерзім ішінде қос мемлекет арасында сындарлы саяси диалог, өзара тиімді сауда-экономикалық байланыс, көпжақты құрылымдар шеңберіндегі табысты ықпалдастық қалыптасты.
– Жалпы, елдерімізді сан қырлы ықпалдастықты кеңейту мен тереңдетуге деген ортақ ниет біріктіреді деп айтуға толық негіз бар. Осы тұста бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін жан-жақты талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ өзара мүдделілік тудыратын жаңа бағыттар бойынша нақты жобаларды іске асыруға ортақ ниетімізді растадық, – деді Мұхтар Тілеуберді.
Ортақ ниеттің көрінісі ретінде екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында Ынтымақтастық мәселелері мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша екі меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар сыртқы саяси ведомстволар арасындағы диалогты жүйелі түрде жалғастыруға және екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға жаңаша серпін бермек.
Екі ел арасындағы экономикалық серіктестік
Мұхтар Тілеуберді баяндамасында екіжақты ынтымақтастықтың өзегі – сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға айрықша тоқталды.
Оның айтуынша, былтыр екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 163,6 млн долларға жетті. Сонымен қатар, соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына Даниядан 395 млн доллардан астам тікелей инвестиция тартылды.
– Бүгінде еліміздің нарығында Carlsberg, Novo Nordisk, FLSmidth, Danfoss секілді даниялық жетекші компаниялар белсенді әрі табысты қызмет атқарып жатыр. Осы тұста Carlsberg компаниясының Алматы облысындағы жаңа өндірістік нысанының ашылуын ерекше атап өткім келеді. Жалпы құны 344 млн долларды болатын бұл жоба - Данияның Қазақстандағы ірі инвестицияларының бірі. Бұған қоса, Қарағанды қаласында FLSmidth компаниясының кеңейтілген сервистік орталығы ашылды. Көлік және логистика саласында Maersk компаниясымен Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Орта дәліздің әлеуетін дамытуға ерекше мән береміз, – деді ҚР СІМ басшысы.
Айта кетейік, жоғарыда министр атаған компаниялар дәрі-дәрмек, тау-кен және цемент өндірісіне қажетті құрылғылар, машина, түрлі бөлшектер т.б. өнімдерді өндіреді.
Енді бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, ынтымақтастықты одан әрі екпінді түрде жалғастыру жоспарланып отыр. Қазақстан тарапы, әсіресе, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында Даниямен өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүдделі.
Сонымен бірге, Мұхтар Тілеуберді кеше Қонаев қаласында Қазақстан-Дания бизнес-форумы өтіп, онда екі елдің жетекші компаниялары мен іскер топтары қатысқанын еске салды. Бұл іс-шара іскер топтар арасында тікелей байланыстарды нығайтуға, инвестициялық жобаларды талқылауға және ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындауға зор мүмкіндік туғызды.
– Қазақстан-Дания сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияны құру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл жаңа тетік те сауда және инвестиция көлемін арттыруға, перспективалы жобаларды жүйелі түрде ілгерілетуге, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы іс-қимылды нығайтуға сүбелі үлес қосады деп сенемін, – деді ол.
Ендігі міндет – уағдаластықтарды жүзеге асыру
Қазақстан Сыртқы істер министрі даниялық әріптесін елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалармен таныстырғанын атап өтті.
Оның мәлімдеуінше, бұл өзгерістер ішкі тұрақтылықты сақтаумен қатар экономикалық өсімге және шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай туғызудың кепіліне айналмақ.
Сонымен қатар, қос министр өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарын берік ұстанатын екі мемлекеттің позициялары көптеген өзекті мәселелер бойынша ұқсас әрі үндес деу орынды. Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа елдері арасындағы диалогтың қалыптасып келе жатқанына да оң баға береміз. Өткен жылдың желтоқсанында Вена қаласында өткен «Орталық Азия – Солтүстік Еуропа» форматындағы алғашқы министрлік кездесу өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам екенін атап өттік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Дания арасындағы серіктестіктің зор әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті, – деді Мұхтар Тілеуберді.
Сонымен қатар, оның сөзінше, ендігі ортақ міндет – қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға, жаңа инвестицияларға және екі елдің игілігіне қызмет ететін практикалық нәтижелерге айналдыру.
Дания Сыртқы істер министрі дән риза
Мұхтар Тілеубердіден кейін сөз алған Ларс Лёкке Расмуссен келіссөздердің нәтижелі өткеніне ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, Дания салық саласында өзара серіктестікке мүдделі.
– Салық салу жөніндегі келісімдер бойынша қарқынды келіссөздерді бастауға дайынбыз. Менің ойымша, бұл келісімдер екі елге инвестициялар мен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай пайдасын тигізеді. Сауда мәселелеріне қатысты бұған дейін де айтқанымдай, біз ашық және ұдайы дамып отыратын нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істеп жатырмыз, – деді даниялық министр.
Одан бөлек, екі ел де Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның Еуропаға экспорт пен сауданы дамыту бағытындағы талпынысын құптайтынын жеткізді.
Айта кетейік, кеше Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Алматы облысы Боралдай ауылындағы Carlsberg Group және PepsiCo алкогольсіз сусындар зауытының ашылуына қатысты.