Орталық Азия шалғайдағы нарықтарды біріктіруде бірегей мүмкіндікке ие – Мұрат Нұртілеу

мұрат нұртілеу
Фото: ҚР СІМ

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Азия мен Еуропа арасындағы толыққанды сауда мен инвестициялық өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы «Орталық Азия – ЕҚЫҰ» Сыртқы істер министрлерінің форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Ашхабадтан.

«Орталық Азия шалғайдағы нарықтарды біріктіру үшін бірегей мүмкіндікке ие әрі Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік көлік дәліздерінің бойында құрлықтық көпір бола алады. Осы тұрғыда қазақ-өзбек шекарасындағы халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын ерекше атап өткім келеді. Таяу уақытта дәл осындай орталық Қырғызстанмен шекарада да жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар біз Тәжікстан мен Түрікменстанда дистрибуция құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деді Мұрат Нұртілеу.

Министрдің атап өтуінше, Қазақстан ЕС TEN-T (Трансеуропалық көлік желісі) жобасы аясында еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуді қолдайтынын баса айтты.

«Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты Азия мен Еуропа арасындағы толыққанды сауда мен инвестициялық өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Халықаралық серіктестерімізбен осынау дәлізді дамытуға басымдық беріп отырмыз», – деді ол.

Соңғы жаңалықтар