Орталық Азия тұрақтылық пен қауіпсіздік орталығына айналып келеді – Еурокомиссия вице-президенті

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік байланысы жөніндегі инвесторлар форумының жабылуында сөз сөйлеп, ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің келешегі зор екенін атап өтті.

Маргаритис Схинас
Фото: kg.akipress.org

Брюссельде Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы көлік байланысына арналған екі күндік инвесторлар форумы аяқталды.

Сейсенбі күні шараның жабылу салтанатында Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас сөз сөйледі.

«Орталық Азиядағы көлік байланысы жөніндегі «Global Gateway» (Жаһандық портал) инвесторлар форумын жабу – мен үшін үлкен мәртебе. Біз Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы өршіл және өзара тиімді серіктестіктің одан әрі дамуын асыға күтеміз», - деді М.Схинас.

Бұдан басқа, Еурокомиссияның вице-президенті Kazinform агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті түсініктемесінде Инвесторлар форумының идеясы – идеяларды іске асыру, көлік сабақтастығын ілгерілету екенін атап өтті.

«Осы тамаша идеялардың барлығы зерттеуді, инвестицияны, ақшаны қажет етеді. Бұл шараның мақсаты – үкіметті, инвесторларды, ұлттық және халықаралық институттарды біріктіру. Бұл шараға серіктестеріміздің белсенді қатысқанына қуаныштымыз. Мұның перспективалы мәні бар», - деп атап өтті М.Схинас.

ЕК вице-президенті сондай-ақ Орталық Азияның әлемде мәні артып келе жатқанын да атап өтті.

Оның пікірінше, аймақ тұрақсыз әлемдегі тұрақтылық, қауіпсіздік және өсу орталығына айналып келеді.

«Қазақстанның артықшылығы – Орталық Азиядағы бес мемлекеттің арасында экономикасы ең жақсы дамып келе жатқан ең ірі мемлекет болуында. Бізде ЕО мен Қазақстан арасындағы өзара әріптестіктің келешегі зор», - деп түйіндеді сөзін М.Схинас.