«Орталық Азия + Жапония» диалогына назар аударылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Жапония СІМ Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі, Елші Масаки Икегамимен кездесті - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Сұхбаттасушылар жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретін биік және жоғары деңгейлердегі сапарлармен алмасу маңыздылығына тоқталды. Ағымдағы жылы өтетін бірлескен іс-шаралардың күн тәртібіне, оның ішінде «Орталық Азия + Жапония» диалогы аясындағы мәселелерге ерекше назар аударылды.
Тараптар жасыл экономика, цифрландыру, көлік және логистика сияқты салалардағы инвестициялық ынтымақтастықты әртараптандыруға баса назар аударуды жалғастыратыны туралы уағдаласты.
Анықтама: Жапония 1993 жылдан бері жалпы инвестиция көлемі 7,8 млрд. доллардан асатын Қазақстан экономикасына ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы 2023 жылы 2,1 млрд АҚШ долларын құрады.