Орталық Азия жасанды интеллектіні басқаруда қандай рөл атқара алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өткен MIND FOR PEACE халықаралық конференциясында Орталық Азияның жаһандық басқару жүйесіндегі рөлі, жасанды интеллектіні реттеу және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері халықаралық шешімдер қабылдауға белсендірек қатысып, ортақ сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруі қажет.
«Бір өңір. Ортақ болашақ» ұранымен өткен конференция Нархоз университетінде өтіп жатыр. Жиынға дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар мен Орталық Азия елдерінен келген студенттер қатысып жүр.
Орталық Азия жаһандық шешімдер қабылдауға белсенді қатысуы керек
Конференция модераторы, Oxford Martin AI Governance Initiative ұйымының аға кеңесшісі Сэм Доуз әлемде бейбітшілікті сақтау үшін халықаралық келісімдер мен әскери шарттардың болуы жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бағытта білім, ғылыми түсінік және өзге мәдениеттерді құрметтеу маңызды рөл атқарады.
Сарапшы Орталық Азияның халықаралық басқару жүйесіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, өңір елдері Қытай мен Батысты байланыстырып қана қоймай, Ресеймен, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерімен де қарым-қатынас орнатып отыр.
— Орталық Азия — тоғыз жолдың торабындағы аймақ қана емес. Ол өңірлік дипломатияның, экономикалық ынтымақтастықтың және халықаралық шешімдерді қалыптастырудың тартылыс орталығына айналып келеді, — деді ол.
Сэм Доуз жасанды интеллектіні басқару саласында да Орталық Азияның мүмкіндігі мол екенін айтты. Оның мәліметінше, өңірдің бес мемлекеті БҰҰ-ның жасанды интеллект пен тұрақты даму туралы қарарына бірлесіп демеушілік жасаған. Сарапшы Қазақстанның осы бағыттағы халықаралық бастамаларға белсенді қатысуы елдің жаһандық ықпалын арттыра алатынын жеткізді.
Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын ашу жөніндегі ұсынысына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай орталық қақтығыстардың алдын алу, тұрақты даму, су және климат қауіпсіздігі, жасанды интеллектіні реттеу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстан өңірлік диалогты нығайтуды көздейді
Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің кеңесшісі Анара Дүтпаева қазіргі әлемде жаһандық басқару жүйесі күрделі сынақтарға тап болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бейбітшілікке, конструктивті диалогқа және көпвекторлы ынтымақтастыққа негізделген сыртқы саясатты ұстанады.
— Тұрақты жаһандық басқаруға оқшаулану, санкциялар немесе текетірес арқылы қол жеткізу мүмкін емес. Ол инклюзивті диалогты, өзара құрметті және барлық мемлекеттердің белсенді қатысуын талап етеді, — деді Анара Дүтпаева.
Оның айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері өңірлік диалог пен үйлестірудің маңызды тетігіне айналған. Ал C5+ форматы сауда, көлік байланысы, жасанды интеллектіні реттеу және су ресурстарын басқару сияқты бағыттарда халықаралық серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
СІМ өкілі өңір үшін экологиялық қауіпсіздік пен су ресурстарын басқару мәселесі де өзекті екенін айтты. Арал теңізін сақтау, мұздықтардың еруі және климаттың өзгеруі мемлекеттердің бірлескен әрекетін талап етеді.
Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құруды ұсынған. Сонымен қатар Алматыдағы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы базасында цифрлық шешімдер орталығын дамыту бастамасы да қарастырылып отыр.
Білім — бейбітшіліктің негізі
Конференцияда университеттердің білім беру мекемесі ғана емес, халықаралық диалог пен мемлекеттер арасындағы сенімді қалыптастыратын алаң ретіндегі рөлі де сөз болды.
Сэм Доуздың пікірінше, жаһандық мәселелерді шешуде мемлекеттерге ғылыми зерттеулер мен тәуелсіз сараптаманың нәтижелері қажет. Ал университеттер мен ғылыми орталықтар ортақ тәуекелдерді түсінуге және дәлелге негізделген шешімдер қабылдауға көмектесе алады.
Ол Орталық Азияның тарихи тұрғыдан білім мен мәдениеттер тоғысқан аймақ болғанын еске салды. Ұлы Жібек жолынан бастап әл-Хорезми, әл-Бируни және Ұлықбектің ғылыми мұрасына дейінгі кезеңдер өңірдің интеллектуалдық әлеуетін көрсетеді. Сарапшы «алгоритм» сөзінің өзі әл-Хорезмидің есімінен шыққанын айтып, мұны аймақтың тарихи ғылыми мұрасы мен қазіргі жасанды интеллект дәуірін байланыстыратын мысал ретінде келтірді.
— Орталық Азия басқару саласындағы заманауи интеллектуалды керуенсарайға айнала алады. Мұнда Қытай, Батыс және бүкіл әлем ортақ сын-қатерлерді шешу үшін бас қосады. Бұл — біркелкілік емес, өзара үйлесімділік, — деді Сэм Доуз.
Оның пайымынша, бейбітшілік барлық мәселеде толық келісімге келуді білдірмейді. Ең бастысы — көзқарастардағы айырмашылықтарға қарамастан, өзара құрмет пен түсіністік негізінде ынтымақтаса білу.
Айта кетейік, MIND FOR PEACE конференциясы БҰҰ-ның 16-тұрақты даму мақсаты — «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттарға» арналған.
Бұған дейін елімізге Орталық Азиядан 20 жылда қанша инвестиция тартылғанын жаздық.