Орталық Азияда «Біртұтас денсаулық» бағдарламасы іске асырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азияда «Біртұтас денсаулық» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығының (ОАЭО) атқарушы директоры Батыр Мамедов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бастама климаттық тәуекелдер күшейген жағдайда адам, жануар және экожүйе денсаулығын кешенді қорғауға бағытталған.
– «Біртұтас денсаулық» – жай ұғым емес, бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі тетігі, - деді Батыр Мамедов.
Оның мәліметінше, бағдарлама 2025 жылдың шілдесінде іске қосылған. Ол пандемиялардың алдын алу, азық-түлік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және экожүйелердің саулығын сақтау бағыттарын қамтиды.
Жоба аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үшін ортақ мониторинг және қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету жүйесін қалыптастыру көзделген. Негізгі бағыттар – зооноздық инфекциялар, микробтарға төзімділік және азық-түлік қауіпсіздігі.
Айта кетейік, бұған дейін өңірлік экологиялық саммитте Каспий теңізі мәселесі көтерілгенін жазғанбыз.