Орталық Азиядағы геосаяси тепе-теңдік: қазақ-өзбек байланысы аймақ келешегіне қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстан саяси-экономикалық әлеуеті жағынан аймақтағы көшбасшы елдер саналады. Инвестиция тарту, урбанизация, IT секторда едәуір серпіліс бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапарында осы салааралық байланыстар назарда болмақ. Ал Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде өңірдегі өзекті экономикалық мәселелерге куә болуымыз ықтимал. Kazinform тілшісі екіжақты қарым-қатынастың бүгінгі көрсеткіші мен алдағы райын бағамдап көрді.

ҚР-ӨР
Коллаж: canva

Тарихи тамыр

Кеңес кезеңіндегі жақындық бір басқа, Тәуелсіздік алған тұстан бері өзбек ағайынмен байланыстың діңгегі берік. Дипломатиялық қатынас орнаған 1992 жылдан оңтүстіктегі іргелес көршімізбен арамыз ажыраған емес. Тарих, дін, мәдениет, тіл, салт-дәстүр жақындығы саяси-экономикалық ықпалдастыққа ұласты. Қазір «Мәңгілік достық туралы», «Стратегиялық әріптестік туралы», «Одақтастық қатынастар туралы» және «Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы» мемлекетаралық құқықтық құжаттар қолданыста. Жыл сайын Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының сапарлары жиілеп, екіжақты кездесулер толастамай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев
Фото: Ақорда

Саясаттанушы Равшан Назаровтың айтуынша, қазақ-өзбек экономикалық қатынасы жаңа кезеңге аяқ басқан. Әсіресе, 2027 жылы қазақ-өзбек шекарасында ашылатын 100 гектарлық арнайы индустриялық аймақ қосымша мүмкіндік береді деп болжады.

– Мемлекеттердің бірлескен индустриялық аймақ құруын оң бағалауға болады. Бұл экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және технологияларды тартуға ықпал етеді. Алайда, тиімділікті арттыру үшін бірнеше қадам керек. Оның ішінде әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, қолайлы инвестициялық ахуал жасау, барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету керек. Екi елдiң шағын және орта кәсіпкерліктері арасында байланысты жандандырған жөн.

Сондай-ақ жобаларды инвесторлар арқылы халықаралық деңгейге шығару керек деп санаймын. Агроөнеркәсіп кешені, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және құрылыс материалдарын өндіру секілді перспективалы салаларда бірлескен кластерлерді дамытатын кез жетті, – деді саясаттанушы.

Инвестиция мен әділ бәсеке арасы

Қазақстан мен Өзбекстан – Орта Азиядағы екі ірі мемлекет. Аймақ экономикасындағы үлесі жағынан да өзге мемлекеттерден көш ілгері. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ 286 млрд доллар болса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 115 млрд долларға тұрақтады. Әрине, абсолютті мәнде Қазақстанның өсімі жоғары, алайда ала шапанды ағайын ЖІӨ-нің жылдық өсімі жағынан жақсы нәтиже көрсеткен: көршіміздің ЖІӨ өсімі – 6,5%. Сондықтан екі елді Орталық Азиядағы басты ойыншылар деуге негіз бар.

инвестициялар
Коллаж: Kazinform

Кейінгі жылдары Орталық Азияға қызығушылық артқанын көріп жүрміз. Соның ішінде өңірге келген инвесторлардың көбі басымдықты Қазақстан мен Өзбекстанға беретін үрдіс пайда болған. Мұны достас елдер экономиканы әртараптандыруға тиімді пайдаланады. Өткен жылы Өзбекстан тарихындағы ең жоғары тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткішіне жетті – 11,9 млрд доллар. Қазақстанда, БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) дерегі бойынша, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 17,2 млрд долларды құраған болатын.

Astana open Dialogue талдау платформасының тең құрылтайшысы Айбек Күмісбековтің сөзінше, мұндай нәтиже – қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға деген ұмтылыстың жемісі.

– Қазақстан инвестиция тарту және ірі халықаралық компаниялармен жұмыс істеуде Орталық Азиядағы көшбасшы екеніне күмән жоқ. Өзге мемлекеттер де инвестиция көлемін арттыруға талпынып келеді. Әлем үшін ОА біртұтас аймақ көрінгенімен, әрбіріміздің өзіндік ерекшелігіміз бар. Осы тұстан қарасақ, Қазақстан мен Өзбекстанның шетелмен келіссөздерді көбейтуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Мәселен, Қазақстанға халықаралық компаниялардың келуі Өзбекстан үшін де мультипликативті әсері бар. Көршімізге тұрақтаған инвесторлар бізге де жаңа мүмкіндік есігін ашады, – деді Айбек Күмісбеков.

Қос мемлекеттің инвестор тарту тұрғысындағы әдіс-тәсілі әрқилы. Қазақстанда ұзақжылғы тәжірибе мен шетелдік инвесторлардың құқын қорғайтын орнықты институт бар. Өзбекстан салықтық демалыс, арнайы экономикалық аймақ құру, дивидендтерге нөлдік мөлшерлеме секілді реформаларға арқа сүйеп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, инвестиция тарту ісінде өзара ымыра аса маңызды. Себебі Орталық Азиядағы негізгі транзиттік бағыт Қазақстанға тәуелді. Қазір ел аумағынан 13 халықаралық маршрут өтеді, келер жылы ЖІӨ-дегі логистиканың үлесін 9%-ға дейін өсіру жоспарланған. 2030 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы (Орта дәліз) жүк айналымынның жылдық көрсеткіші 10 млн тоннаға жетуге тиіс. Елдегі әуежайлар мен автомагистралдарды жаңғырту тұрақты жүргізіліп келеді. Бұған қоса Ақтау, Поти, Ляньюньган, Алят, Селетино секілді хабтарға салынған қаржы көлемі артқаны есте.

Осының бәрі Орталық Азия, әсіресе, Өзбекстанның инвестициялық келешегін айқындайтыны анық. Олай дейтініміз, көршілес елде көлік инфрақұрылымы әлсіз, теңізге тікелей шығатын жол жоқ. Тауар тасымалында Қазақстан мен Түрікменстандағы сауда жолына иек артуға мәжбүр.

Энергетика, креативті индустрия: қазақ-өзбек экономикалық әлеуеті қайда бағытталады?

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, биыл қаңтар-қыркүйек аралығында екі елдің алыс-берісі 3,39 млрд долларға жетті, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,2%-ға көп. Осы аралықта Қазақстан экспорты 25,9%-ға өсіп, 2,5 млрд долларға тұрақтады. Шетел асқан тауардың қатарында:

  • күнбағыс майы (239,4 млн доллар);
  • қосындыланған болат (111,2 млн доллар);
  • темір шыбық (129 млн доллар);
  • бидай (480,7 млн доллар);
  • мұнай өнімдері (91,1 млн доллар);
  • сиыр еті (96,8 млн доллар);
  • қант (67,3 млн доллар) саудаланған.
ҚР-ӨР
Инфографика: Kazinform

Өзбекстаннан жеткізілетін өнімдердің ішінде тыңайтқыш, цемент, сусын және көгөністер бар. Қызығы, министрлік ұсынған тоғыз айдағы статистикада импорт тізіміне электр энергиясы қосылған. Демек биылдан бастап оңтүстіктегі көршімізден энергетикалық сауда басталды деген сөз.

Astana open Dialogue талдау платформасының тең құрылтайшысы Айбек Күмісбековтің ойынша, қазақстандық кәсіпкерлер үшін Өзбекстан нарығы - таптырмас сауда алаңы. Онда 37 млн халық тұрады, бұл мүмкіндікті кез келген отандық компания ауқымын кеңейту үшін пайдалануына болады.

– Бүгінде екі елдің бірлескен 74 жобасы жүзеге асып жатыр. Өзбекстанда еліміздің меншік құқы бар зауыттар жетерлік. Ал Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен «Саран» индустриялық аймағында тұрмыстық техника шығаруға арналған зауыт, Қостанайда көлік зауыты, Түркістан облысында тоқыма фабрикасы іске қосылды.

Алдағы уақытта коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында жобалар қолға алынуы ықтимал. Себебі Қазақстанда ТМД бойынша құрылыс көшбасшысы саналатын компаниялар көп. Олар Өзбекстан нарығына еніп, тұрғын үй мен коммерциялық нысандардың құрылысын жүргізеді деген болжам бар, – деді спикер.

Өзбекстан халқы
Фото: uza.uz

Осы орайда халық санының этникалық жіктемесін есепке алмасақ болмас. Өйткені Өзбекстанда 800 мыңнан астам этникалық қазақ, Қазақстанда 700 мыңға жуық өзбек тұрады. Нақты саны ресми санақтан әлдеқайда көп. Өзара сауданың жандануына осы дерек ықпал етіп отыр, яғни тіл мен таным жақындығы ұлттардың шекара асып алыс-беріс жасауын жеңілдетті.

Саясаттанушы Равшан Назаров Президенттің Өзбекстанға сапарында энергетика, өнеркәсіпті әртараптандыру, білім-ғылымды дамытуға қатысты келісімдер жасалады деген ой айтты.

– Жаһандық экономикалық сын-қатерді көріп отырмыз, сол үшін құбылмалы геосаяси жағдайға бейімделу керек. Алдағы жылдары көлік-логистикалық инфрақұрылымды ілгерілету, бірыңғай экономикалық кеңістік құру, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету, экономиканы цифрландыру басты назарда болуы тиіс. Білім, ғылым және туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту де кезек күттірмейді.

Алғашқы қадамды бірыңғай көлік дәліздерін құрудан бастаған жөн, кейін шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту және мультимодальдық тасымалдарды дамытуға әрекет етуге болады. Бұл тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтады, – деді сарапшы.

Өзбекстан ақылы негізде шекарадан кезексіз өту тәртібін енгізеді
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қолданбалы зерттеулер институты директорының орынбасары Әйгерім Бахтиярованың сөзінше, екіжақты қарым-қатынаста креативті индустрия еленбей қалып отыр.

– Креативті индустрия қазақ-өзбек экономикасының қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ-де креативті экономиканың үлесі бар болғаны 1% болды. Экономиканың басқа саласымен салыстырғанда айтарлықтай көрсеткіш емес, алайда өзге елдермен салыстырсақ, төмен деңгей саналмайды. Мысалы, АҚШ-та ЖІӨ-дегі креативті экономиканың үлесі 4,2%-ға тең. 

Ақпараттық қоғам мен цифрлық технологиялардың жылдам өсуін ескерсек, нақ осы креативті индустрия Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларына арқау болуы керек-ақ. Оған қоса, Орталық Азияда креативті индустрияның маңызды салалары – музыка, кино және сандық жарнама жақсы дамыған. Демек, креативті хабтарды құрып, зерттеулер жүргізілсе, инвестициялар тартуға мүмкіндік туар еді, – деп қосты Әйгерім Бахтиярова.

Кейінгі жылдары елде өзбекстандық компаниялардың саны артты. 2024 жылы елге келген кәсіпкерліктің қатары 4 595-ке жетсе, биыл өзбекстандық компаниялардың саны 7 190 болды. Басым дені қызмет көрсету мен жеңіл өнеркәсіп саласына шоғырланған. Ал Өзбекстан аумағында 876 қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді. Жуырда Қазақстан көршілес елмен 70 млн долларлық экспорт келісіміне қол қойды.

Консультативтік кездесуде не айтылады?

Президент сапары тұсында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуі ұйымдастырылады. Бұл жиын 2018 жылы алғаш Қазақстанда өтті. Кейін кезек Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстанға тиген, осылайша ОА елдері түгел атсалысқан еді.

Сарапшы Әйгерім Бахтиярованың айтуынша, Ташкентте өтетін дәстүрлі Консультативтік кездесуде бірнеше тақырып талқылануы ықтимал. Соның ішінде цифрландыру ісінің орны ерекше болмақ.

– Ташкенттегі келесі Консультативтік кездесуде жасанды интеллект тақырыбы көтерілуі мүмкін. Себебі барлық мемлекет ЖИ-ге көңіл бөліп отыр әрі мемлекеттік бағдарламалары бар. Мысалы, Қазақстанда – Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы, Өзбекстанда – жасанды интеллектіні пайдалануды реттейтін Заң және 2030 жылға дейінгі ЖИ технологияларын дамыту стратегиясы мақұлданды. Қырғызстанда – 2024-2028 жылдарға арналған Цифрлық трансформация тұжырымдамасы, Тәжікстанда – 2040 жылға дейінгі жасанды интеллектіні дамытудың ұлттық стратегиясын, Түрікменстанда – Цифрлық экономиканы дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Мұның барлығы тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, амбицияға толы ұмтылыс екенін ұмытпаған жөн. Қазақстан ЖИ-ді дамыту арқылы еуразиялық цифрлық хабқа айналуға тырысса, Тәжікстан ЖИ-ді енгізу арқылы ЖІӨ мен бюджет кірісін 5%-ға арттыруды көздеп отыр, – деп атап өтті Әйгерім Бахтиярова.

Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы
Фото: Ақорда

Спикердің айтқанына сүйенсек, бұл салада Қазақстан алда, Орталық Азия елдеріне қолдау көрсетуге қауқарлы. Бұған дейін Digital Bridge сияқты халықаралық форумдар тұрақты ұйымдастырылып, Astana Hub 177 млн доллар инвестиция тартқан болатын. Отандық IT-қызметтер экспорты 481,5 млн долларды құрағанын айта кетейік. Мұндай тәжірибе өзге мемлекеттердің ұтымды цифрлық модель құруына септеседі.

Бұл өзгелердің әлеуеті жоқ дегенді білдірмейді. Мысалы, Өзбекстанда T-Park жұмыс істейді. Бүгінде IT экспорты 344 млн долларға жетті, 2030 жылға көрсеткішті 5 млрд долларға ұлғайтуға бейіл. Елдегі цифрлық қызметтердің үлесі 80%-ды еңсерген.

Әлемдік нарықта қырғызстандық IT мамандар сұраныста. Кейінгі 5 жылда айыр қалпақты ағайын АҚШ-қа IT қызметтер экспортын 45 есеге ұлғайтты. Chainalysis халықаралық индексінде Қырғызстан криптовалюталарды қабылдау деңгейі бойынша әлемде 19-орында.

Тек Тәжікстан мен Түрікменстан ғана IT қызметтер экспортына құлықсыз. Дегенмен ғаламдық цифрлық үрдіс жақын арада бұл мемлекеттерді қатарға қосатын сыңайлы.

Саясаттанушы Равшан Назаров Орталық Азия басшыларының жиынында су және энергетикалық ресуртарды тиімді пайдалану сөз болады деген пікірде.

– Кездесу барысында, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан арасында ұзақмерзімді шешімдер әзірленуі мүмкін. Гидрологиялық процестерді қадағалауға арналған бiрлескен ғылыми-зерттеу орталықтары, су ресурстарын басқарудың халықаралық стандарттары талқыланатынына сенімдімін. Халықаралық Аралды құтқару қоры, су ағынын анықтауға мүмкіндік беретін бiрыңғай әдiстеме және мониторинг жүйесi қалыс қалмайтыны белгілі, – деп түйіндеді сарапшы.

Азия мемлекеттері басшыларының VІ Консультативтік кездесуі
Фото: Ақорда

Қазақстан орта держава ретінде аймақтағы позициясын нығайтып келеді. Осы тұста Орталық Азияға қатысты жиында өзіндік пікірімен қатар ауқымды ұсыныс айтуы құптарлық.

Былтыр тамызда Астанада өткен кездесуде «Орталық Азия-2040» даму тұжырымдамасы қабылданып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзара тауар айналымын 15 млрд долларға дейін жеткізу жөнінде бастама көтерді. Шекара дауы, аймақ қауіпсіздігі, сауда, Орталық Азияның сыртқы саясаты мәселелеріне қатысты Қазақстан ұстанымы өзге мемлекеттердің көзқарасымен үндес.

Бұл жолы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне Әзербайжан көшбасшысы Ильхам Әлиев қатыспақ, яғни Консультативтік кездесудің тақырып аясы кеңейе түседі.

Соңғы жаңалықтар