Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70%-ы Қазақстанға тиесілі – Әлихан Смайылов

Смайылов
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов әр жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларын, қаржы секторының өкілдерін, саясаткерлер мен сарапшылардың басын қосатын VI  Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстелге (Kazakhstan Global Investment Roundtable) қатысты, деп хабарлайды Kazinform.

Осы жылдар ішінде KGIR өзін Қазақстан мен халықаралық инвестициялық қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін тиімді диалог алаңы ретінде көрсете алды. 

Премьер-Министр өз сөзінде атап өткендей, Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70%-ы Қазақстанға тиесілі.

«Өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ға өсіп, $28 млрд-қа жетті. Биылғы 6 айда ұлттық экономикаға тағы $14 млрд-қа жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтингісінің тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody's халықаралық агенттіктері растап отыр», — деді Әлихан Смайылов. 

Смайылов
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін жариялағанын еске салды.  

Атап айтқанда, Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа дейін, яғни 2 есеге арттыру бойынша ауқымды міндет қойылды.

«Инвестицияларды тарту экономикамыздың өсуінің негізгі факторы болып табылады. Ұлттық инвестициялық саясат шеңберінде ESG стандарттарын ескере отырып, Қазақстан 2029 жылға дейін кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тартуға мүдделі. Сол үшін біз инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауды, оның ішінде инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіруді одан әрі жалғастырамыз», — деді Премьер-Министр. 

Әлихан Смайылов бүгінде 83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатынын, ал 109 мемлекеттің резиденттері үшін электрондық визалар ресімдеу қолжетімді екенін еске салды.  

Смайылов
Фото: primeminister.kz

Бұған қоса ерекше инвесторлық визалар қарастырылған. Сондай-ақ елде бизнес үшін өңірдегі теңдесі жоқ қызметтерді ұсынатын бірегей бизнес алаңы – «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді.

«Бұл қадамдардың барлығы елдің инвестициялық әлеуетін ашуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Қазақстан әлемдік стандарттарға сәйкес инвестициялық климатты одан әрі арттыру үшін бар күшін салады. Сондай-ақ, инвесторлардың сұраныстарына сәйкес қосымша керекті қолдау шараларын тұрақты түрде енгізетін боламыз. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қазақстан экономикасына белсенді инвестиция салуға шақырамыз», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр. 

Соңғы жаңалықтар