Орталық Азияның «С5+1» форматына Түркия да қосылмақшы – серб дипломаты

Әзербайжан дипломатия академиясының профессоры, БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды дипломаты Дамьян Крневич-Мишкович Astana Сlub форумында Орталық Азияға арналған «С5+1» форматы өңірде өз мүддесі бар деп есептейтін мемлекеттердің бәріне тартымды бола бастағанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Astana Club
Фото: Astana Club ұйымдастырушылары

«Мен Орталық Азия аймағына саяси тұрғыда кеңірек ауқыммен қарау керек деп есептеймін. Оңтүстік пен Солтүстік, Шығыс пен Батыстағы саяси құбылыстар арасындағы диалогта Орталық Азияның рөлі елеулі. С5+1 форматындағы саммиттер күн тәртібіне шығып отыр. Ресей, Үндістан, Қытай осы форматта диалог құрып келеді. Қазір Еуропа Одағы, оның сыртында Германия осы форматты пайдалана бастады. АҚШ-тың осындай форматтағы диалог алаңы бар. Ондай формат жуықта Түркияның өзінде де пайда болады. Бұл форматтағы диалогтар көптеген салада серпінді жобаларға жол аша бастады», — дейді сарапшы.

Оның ойынша, пандемия мен әлемдегі соңғы геосаяси тартыстар біртұтас сипаттағы жаһандық экономиканы «панаймақтарға» бөлшектей бастаған. «С5+1» форматымен диалог ұсынушылар оны өз «панаймағының» ойын алаңы ретінде көргісі келеді.

«Үндістан Азиядағы өзге елдермен байланысын қалай күшейтіп жатса, Орталық Азия елдерімен де солай қарым-қатынас орнатуға мүдделі. 2021 жылы Ташкентте Үндістанның осы өңірмен сауда байланысына арналған жиын өтті. Сол жиында Орталық Азияның жаһандық экономикалық және саяси үдерістердегі рөлін сыртқы ойыншылардың қажетті деңгейде ескермей келгені алғаш рет мойындалды. Өңірді бөліп билеуді көздейтін геосаяси, империалистік амбиция болғанын ескеру керек. Қазіргі қалыптасқан жағдай тұрғысынан қарасақ, сыртқы ойыншылардың өңірге қатысты ұстанымы ғана емес, аймақтағы елдердің өзі не ойлайтыны да маңызды», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар