Орталық Азияның туристік бренді жоқ, соны жасайтын уақыт келді – сарапшы

Туризм саласының сарапшылары Алматыда Орталық Азиядағы туризмді халықаралық трендтерге сай дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Kazinform.

туризм
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

«Өкінішке қарай, Орталық Азиядағы туризмнің әлемде өзіндік ойып алар орны жоқ. Бізге туристер Еуропаға барғандай келмейді. Неге? Себебі, туристерді бір ғана ел қызықтырмайды. Олар бірден бірнеше мемлекетті аралап көргісі келеді. Сондықтан, Орталық Азияда орналасқан бес мемлекетті (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан) туризм саласы бойынша аймақтандыру қажет. Бұл — бүгінде кезек күттірмейтін мәселе», — дейді туризм саласының сарапшысы Мақсат Чаки.

Спикердің сөзінше, бес мемлекетті біріктіретін бір орталық құрылса, туризм жылдам дамиды.

«Орталық Азиядағы туризм орталығын Алматыда құру керек деп ойлаймын. Оған ірі мегаполистің әлеуеті жоғары. Біз бірігетін болсақ, әлемдік деңгейге көтеріле аламыз. Туризм — көптеген елде маңызды сала. Орталық Азияда ол әлі де кенжелеп тұр. Егер қазіргідей әр мемлекет туризмді өзінше дамытамын десе, қателеседі. Шетелдік туристердің назарын өзімізге аудару үшін бірігіп күш жұмсауымыз керек», — дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол визалық режимді жеңілдету мәселесіне ерекше назар аударды.

«Бізге де шенген визасын енгізу қажет. Бұл, әлбетте, Үкіметте қаралатын дүние. Мысалы, оны Stan, Жібек жолы визасы деп атауға болады. Қазақстанға келген шетелдік турист еш кедергісіз Қырғызстанға, одан әрі Өзбекстанға өтіп кетуі керек. Міне, сол кезде туризмнен мол табыс түседі», -дейді спикер.

Туризмнің стратегиялық сарапшысы бренд жайында да сөз қозғады.

«Әр елдің өзіне тән бренді бар. Сол сияқты Орталық Азияның да бренді болуы керек. Біз Алматының брендін қалыптастырмақпыз. Бірақ, оның жеміс болмайтыны анық. Қазір мамандар ұсыныс айтып жатыр, жан-жақты зерделену үстінде. Уақыты келгенде айтармыз», -деді қырғызстандық сарапшы.