Орталық сайлау комиссиясы Бибігүл Аққожинаны Сенат депутаты етіп тіркеді

бибігүл аққожина
Фото: kstnews.kz

Орталық сайлау комиссиясы шығып қалған депутаттың орнына Қостанай облысынан Сенат депутатын тіркеді, деп хабарлайды Kazinform комиссияға сілтеме жасап. 

Бүгін, 26 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясының «Қостанай облысынан Парламент Сенатының шығып қалған депутатының орнына 2023 жылғы 20 желтоқсанда сайланған депутатты тіркеу туралы» қаулысын қабылдау бойынша отырысы өтті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12, 45, 46 және 82-баптарына сәйкес Қостанай облысынан ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау жөніндегі дауыс санау нәтижесі туралы Қостанай облыстық сайлау комиссиясы хаттамасының және Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 105/807 қаулысының негізінде Орталық сайлау комиссиясы Бибігүл Бүркітқызы Аққожинаны Сенат депутаты ретінде тіркеуге қаулы етті.

Сондай-ақ, осы күні Бибігүл Аққожинаға Парламент депутатының куәлігі мен төсбелгісі табысталды. 

Бибігүл Бүркітқызы 1971 жылғы 20 қаңтарда Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Қостанай мемлекеттік университетінде психология оқытушысы ретінде бастады, жоғары білімін де осы жерден алды.

2000-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің маманы болып жұмыс істеді. 2002-2009 жылдары – Қостанай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы.

2009-2016 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары лауазымында болды. 2017 – 2021 жылдары – Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

2021 жылы Nur Otan партиясы (қазіргі Amanat партиясы) Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2022 жылдың желтоқсан айынан осы уақытқа дейін Amanat партиясы Қостанай облыстық филиалының төрайымы қызметінде болды.

Соңғы жаңалықтар