Орталық және Шығыс Еуропада оқып жатқан студенттерге ескерту жасалды
АСТАНА. KAZINFORM - Орталық және Шығыс Еуропада «Борис» дауылының салдарынан туындаған қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты Халықаралық бағдарламалар орталығы аталған аймақта білім алып жатқан стипендиаттармен тығыз байланыста болып, жағдайды мұқият қадағалауда.
Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметінен хбарланды.
Дауыл Польша, Чехия, Австрия, Словакия және Венгрия елдерін қамтыды — бұл елдерде «Болашақ» бағдарламасы және ғылыми тағылымдамалар аясында Қазақстанның 15 азаматы оқып жүр.
Барлық стипендиаттарға қауіпсіздік шаралары туралы ескертілді және олар жергілікті биліктің ұсыныстарына сәйкес әрекет етуде. Қазіргі уақытта стипендиаттарымыз арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
«Стипендиаттарымызды барлық сақтық шараларын сақтауға және өз қауіпсіздігіңіз үшін байланыста болуға шақырамыз»,-делінген хабарламада.