Орталық аппаратының әскерилері екі күн далалық жағдайда басқаруды қолға алды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 24 ақпанда ҚР Қорғаныс министрінің нұсқауы бойынша «Айбалта - 2016» оқу-жаттығуы шеңберінде ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР ҚК Бас штабының департаменттері және бас басқармалары дабыл бойынша көтерілді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Алғаш рет Орталық аппараттың әскери қызметшілері жиналғаннан кейін Астана қаласындағы әскери бөлімдердің бірінің маңында дайындалған далалық лагерьге жол тартты.
«Бүгінгі іс-шара стратегиялық деңгейдегі басқару органдарын даярлаудың құрамды бөлігі болып табылады. Сондықтан «Айбалта - 2016» оқу-жаттығуы фонында бізге әскерлерді басқару мәселелерін шынайы пысықтауға тура келеді. Қорғаныс министрлігі мен Бас штабы жеке құрамының далалық жағдайда өткізу мерзімі кездейсоқ таңдалған жоқ. Орталық аппараттың жеке құрамымен баламалы сабақтарды жазғы оқыту кезеңінде де ұйымдастыру керек. Ең бастысы, басқару пункттерін өрістету ауданын әскери бөлімдердің орналасу пункттерінен тыс таңдау қажет», - деді ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
Жеке құрам далалық жағдайда жұмыс жасайды. Жұмысқа әуе және теміржол басқару пункттері дайындалды. Жауынгерлікке жақындатылған жағдайда ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР ҚК Бас штабы орталық аппаратының әскери қызметшілері оқу топтарында іс-қимылдарды пысықтауда.
83205 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бөлім командирінің басшылық етуімен жылуы бар палаткалар орнатты. Далалық қалашықта әскери қызметшілердің тамақтануын ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған, сондай-ақ санитарлық кешен бар.