Орталық Азия аймағы үшін селекциялық-генетикалық орталық құрылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия аймағы үшін селекциялық-генетикалық орталық құрылуы мүмкін. Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарында ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ҚХР Ауыл шаруашылығы министрі Хань Чанфумен кездесуі барысында осы мәселе талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында тараптар 2016 жылы қол қойылған Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы министрліктері арасындағы арасындағы біріккен іс-қимыл жөніндегі Жоспарды іске асыру мәселесін талқылаған болатын.
«Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-техникалық өзара қолдау және «Оңтүстік-Оңтүстік» халықаралық бағдарламасы аясында өзара ынтымақтасу туралы әңгіме өрбіді. Тараптар ауыл шаруашылығы технологиясының трансферті мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі ведомствалар аралық жұмыс тобын жасақтауға уағдаласты. Сонымен қатар Орталық Азия аймағы үшін селекциялық-генетикалық орталық құру мәселелері де назарға алынды», - делінген баспасөз баянында.
Айта кетейік, А.Мырзахметов бұған дейін ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы төрағасы Чжи Шупинмен кездескен еді. Онда көршілес елге экспортталатын бидай кебегі партияларына қойылатын инспекция, карантин және санитарлық талаптар туралы Хаттамаға қол қойылған болатын.