Орталық Азия елдері Ауғанстан мәселесінде босқындарға қатысты ұжымдық шараны қазірден ойланғаны абзал - ресейлік сарапшы

Саясаттанушының айтуынша, АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстаннан әскер әкетуінен ешқандай да жаһандық катастрофа орын алмайды. «Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбішұлының пікірін қолдаймын, өйткені АҚШ әскерінің шығарылуы баршамыз үшін нағыз «психоминусқа» айналды», - дейді Ю. Солозобов. Оның пайымынша, негізгі қатер үш бағытта өрбуі мүмкін. Біріншіден - бұл көршілес елдердің әскери мүліктерін әкетуге қатысты қауіп. «Мәселен, Өзбекстан - болашағы болжамсыз, бірақ өңірдегі амбициясы ауқымды ел. Тоқтала кететін жайт, Орталық Азиядағы шекаралар заң жүзінде бекіген, ешкім бұған қатысты соғысып та жатқан жоқ. Бұны есте ұстаған ләзім. Екіншіден - Ресей өзінің одақтастарымен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құруға әзір. Сосын Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдерді көтеруге, оларды әлсіз мемлекет деңгейінен көтеруге арналған «ұжымдық кран» жасауға да әзір. Ал мұндай тәжірибе келешекте Ауғанстан үшін де қажет болуы ықтимал», - деді сарапшы. Ал АҚШ-тың Ауғанстандағы жетістігі туралы сөз болғанда Ю. Солозобов, осы кезең ішінде ауған елінде есірткі өндірісі 44 есеге артқанын алға тартады. «Еуропаны есірткімен қамтамасыз етудің үш арнасы ашылды, біз үшінші бағытта тұрмыз. Ең өкініштісі, есірткінің үштен бірі Ресейде қалып қойып, тіпті біздің мектеп оқушыларымыз да ауған есірткісінің құрбанына айналуда. Бұл өз кезегінде «экономикалық шаңсорғыш» іспетті дүние. Ондай жүйемен жұмыс істеу аса қиын. Ал үшінші мәселе - Орталық Азия мемлекеттері Ауғанстан мәселесі бойынша босқындарға қатысты ұжымдық шаралар туралы қазірден ойлана бергені жөн тәрізді», - дейді саясаттанушы.