Орталық Азия елдері соңғы жылдары ауған есірткісі тасымалының солтүстік дәлізіндегі тұтынушыға айналып бара жатыр
АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары өз аумағы арқылы тасымалданатын ауған есірткісінің 3 пайызын ғана қолға түсіруде. Бұл туралы Орталық Азиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығының директоры Бексұлтан Сәрсеков бүгін Алматыда айтты.
«Соңғы 4-5 жылда біздің мәліметтерімізге және БҰҰ сарапшыларының деректеріне қарағанда, Орталық Азия елдері транзиттік елден тұтынушыға айналып бара жатыр. Жылдан-жылға жастар арасында апиын мен героинді қолдану артып келе жатыр. Бұған оның ел аумағы арқылы өтуі мен оңай табылуы түрткі болуда», - дейді Б. Сәрсеков. Оның пайымдауынша, есірткіні тасымалдауға жалданушылар оңай олжа үшін оны өздері де саудалай бастады. Бұл өте қауіпті жағдай. Оған шара қолдану керек. Есірткі тұтынудың жалпы көлемін ешкім нақты айта алмайды. Болжам бойынша соңғы жылдары Ауғанстандағы апиын өндірісінің көлемі 7-8 мың тонна аралығында құбылуда. Оның 30 пайызы Орталық Азия арқылы Еуропаға шығарылады.