Орталық Азия елдеріне Қазақстан аумағынан 95% спам таралады
АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Касперски зертханасы» (Лаборатория Касперского) 2011 жылдың екінші тоқсанындағы спамшылардың қызметі жөнінде есеп нәтижесiн жариялады. Электронды пошталық спамдар ағыны орта есеппен 82,5%, құраған, яғни бірінші тоқсанға қарағанда 3,9% ұлғайған.
Сондай-ақ зерттеу нәтижелері бойынша Орталық Азия елдері арасында спамның таралуы жағынан Қазақстан дәстүрлі түрде бірінші орынға шыққан. Оның аймағынан жалпы 95,19% мөлшерде жағымсыз корреспонденциялар тараған, сонымен бiрге Қазақстан еншiсiнде спамның жалпы дүнижүзілік көлемдегі 1,61% бар. Екінші орында 2,04% көрсеткішпен Өзбекстан тұр, ал Қырғызстан 1,32% жағымсыз хаттар таратумен үшінші орынға іліккен.
«Касперски зертханасы» сарапшыларының бағалауынша өткен жылы мен ағымдағы жылдың басында жабылған зомби - желiлердің қуаты ақырындап қалпына келуде, яғни спамшылар жаңа ережелер бойынша өмір сүруге дағдыланған.
Сонымен қатар 2011 жылдың екінші тоқсанында спамдар көбінде Үндістан, Бразилия және Индонезия елдерінен белсенді түрде тарала бастаған.