Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси бағытының әртүрлілігі мәселелерді шешуге өз әсерін тигізуде - Еуропалық ақпараттық орталықтың директоры
ЛМАТЫ. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Орталық Азия елдері қазір аймақтық мәселелерді өз күшімен шеше алмауда. Бұл жайында бүгін Алматыда өтіп жатқан «ҚР Президентінің халыққа Жолдауы аясындағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан 1992 жылдан бастап көпвекторлы саясатты жүргізіп келе жатыр. Оған айтылған сын пікірлер де бар. Бірақ географиялық және саяси жағдайды қарасақ, бізде бұдан басқа амал жоқ. Халықаралық қарым-қатынаста әскери және мәдени саясат жақсы қарастырылып жатыр. Енді назарды экономикаға көбірек бөлу керек. Дипломатияны экономикаландыруда екіжақты, көпжақты қатынастарға назар аудару қажет. Сыртқы саясатта барлық бағыт бірдей болу керек және онда тепе-теңдік қатынасты сақтау қажет», дейді Қазақтың әл- Фараби атындағы ұлттық университетінің Еуропалық ақпараттық орталығының директоры Құралай Байзақова. Энергетика, су және заңсыз көші-қон мәселелерін шешу кезінде Орталық Азия елдерінің ортақ шешімге қол жеткізе алмауы, Құралай Ертісқызының айтуынша, сыртқы саяси бағыттың әртүрлігінде. Сырттан көмек болмаса аймақтағы елдер бұл мәселелерде оңтайлы шешімге қол жеткізуі қиын. Сондықтан, халықаралық ұйымдардың арағайындығына жүгінетін уақыт келді. Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасын қабылдаудағы бір мақсаты тек шикізат көзі болып қалмай, Еуропаның озық технологиясын игеру. Сол арқылы қордаланған мәселені шешуге жағдай жасау.