Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы мен ЕҚДБ заем келісіміне қол қойды
АЛМАТЫ. 26 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» (ОАЭК) АҚ мен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Павлодар, Екібастұз, Петропавл қалаларының жылу желілерін жаңарту жөніндегі заем келісіміне қол қойды.
«Энергетика нысандарының тозуы ертеден келе жатқан көкейкесті мәселенің бірі. Олардың кейбірі инвестицияланса, кейбіріне әлі тартылған жоқ. Алайда жылу желілеріндегі шығын мен құбырлардың тозуы өте үлкен. Бұл Қазақстан ғана емес, бұрынғы кеңестік республикалардың бәріне тән ахуал. Шығын 25 пайызды құрап отыр. Біз қазір қаржы институттарынан нақты талаптармен 40 миллион доллар көлемінде 2 заем тартып отырмыз», дейді «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов.
ЕҚДБ кредиттік желісі 2 кредиттен тұрмақ. Біріншісі, 13 жыл мерзімге 4,5 пайызбен берілетін 21,7 миллион еуро. Оған сондай-ақ, қазақстандық банкаралық әлеуметтік мөлшерлеме қосылады. Ал 10 мың долларға жуық екінші кредит 20 жыл мерзімге берілмек. Онда бастапқы 10 жылдық демалыс жеңілдігі бар. Бұл жобаны банк ОАЭК-ның Корпоративтік кепілдігі бойынша Таза технологиялар қорымен бірлесіп қаржыландырмақ. Бұл олардың Таза технологиялар қорымен бірлесіп қаржыландыратын Қазақстандағы тұңғыш жобасы болып отыр.