«Орталық Азия +Жапония» диалогына қатысушылар ынтымақтастық «жол картасын» қабылдады
Отырыстың күн тәртібінде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, сауда мен инвестициялар, қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласында өңірлік өзара іс-қимылды ілгерілету мәселелері қаралды. Жиын барысында қатысушылар іскерлік ортаны жақсарту мен инфрақұрылымды нығайту бойынша пікір алмасты.
«Орталық Азияның іскерлік әлеуетін ашуға бағытталған ынтымақтастықтың жаңа нысандарын іздеуді Қазақстан қолдайды. Осы ретте жапон тарабын үстіміздегі жылғы наурызда Диалогтың бизнес-форумының сәтті өткізілуімен құттықтағым келеді», - деді Қ. Әбдірахманов сөз сөйлеу барысында.
Диалог шеңберіндегі экономикалық трек тартымдылығын толықтыратын Жапонияның экономикалық ведомстволарын бизнес-форум жұмысына белсендірек қатыстыру ұсынылды. Қазақстан Орталық Азияның транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуды, өңір елдерінің ұлттық бағдарламалары мен ірі көпжақты көліктік-транзиттік жобалар бойынша стратегиялары шеңберінде жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды жақындастыру бойынша жұмысты жалғастыруды ынтымақтастықтың басымды бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Өңірдің транзиттік әлеуетін көтеру мен өңір ішіндегі сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында Орталық Азияда үйлестірілген көліктік саясатты жүргізу уақыт талабы болып табылады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметі шеңберінде Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті күшейту, трансұлтаралық қауіптерге қарсы тұру мен алдын алу дипломатиясы құралдарын күшейтуге ерекше көңіл бөлетіндігі айтылды. Астана БҰҰ-ның саяси бас мүшесіндегі алдағы жұмысын қауіпсіздік пен даму арасындағы байланыстың үздіксіздігін қамтамасыз ету призмасы арқылы қарастырады.
Диалог қатысушыларына Қазақстанның Ауғанстанға тұңғыш ресми даму көмегін көрсеткені туралы ақпарат берілді. БҰҰ Даму бағдарламасы және Жапониямен бірлесе ауған әйелдерінің экономикалық дербестігі мен құқықтарын көтермелеу жөніндегі тәжірибелік жоба іске қосылғанына назар аударылды.
Қазақстан тарапының пікірінше, Жапониямен ынтымақтасудың сәтті тәжірибесін жалғастыру және Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы шеңберіндегі күш-жігерді бірлестіру диалогтың аса маңызды бөлігі. Осыған байланысты, Қазақстан БҰҰ Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесе «Шекаралық байланысу кеңселерін жасау және есірткі мен қылмыспен күресудегі Орталық Азиядағы трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту жөніндегі жобасын» іске асыру бойынша Жапонияның ниетін қолдайды.
Жиын барысында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің тақырыбы да қозғалды. Қазақстан тарапынан бұл оқиға ғаламдық өзара тәуелділік пен планета тағдыры үшін ортақ жауапкершілік қағидасына негізделген, өңір елдерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсілдердің катализаторына айналатындығы атап өтілді.
Орталық Азия және Жапония елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жыл толуына орай өткізілген Сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды және «Көлік және логистика саласындағы өңірлік ынтымақтастығының Жол картасы» қабылданды.
Қазақстанның бастамасы бойынша мәлімдеменің мәтініне су ресурстарын сапалы басқару және үнемдеу бағытында жапониялық тәжірибені тартуға байланысты Диалогтың әлеуетін белсенді пайдалану тетігі енгізілді.
Диалогқа мүше мемлекеттер Астана қаласында 2017 жылдың 10-11 қыркүйегінде өтетін Орталық Азия өңірінің ғылыми-техникалық және инновациялық дамуы жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологияларға арналған бірінші саммитіне қатысуды бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, «Орталық Азия + Жапония» Диалогы 2004 жылы Жапония бастамашылық еткен Орталық Азия елдерімен тығыз қарым-қатынасты тереңірек және өңірлік ынтымақтастықты кеңейту бойынша күш-жігерлерін арттыру мақсатында құрылған ынтымақтастық форматы болып табылады. Аталған форматтағы бірінші отырыс 2004 жылғы тамызда Астана қаласында өтті. Диалог құрылғаннан бастап Орталық Азия және Жапония елдерінің саяси, экономикалық сипаттағы және қауіпсіздік мәселелерін жалпы талқылау үшін маңызды алаң болды.
Сондай-ақ, Ашғабатта Қ. Әбдірахманов пен Жапонияның сыртқы істер министрі Фумио Кисидоның кездесуі өтті. Сұхбат барысында тараптар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы қарашада Жапонияға мемлекеттік іс-сапары шеңберінде қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыру барысын қарастырып, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашақтағы бағытын, көпжақты форматтағы өзара әрекеттесу, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысы аясындағы күштерді үйлестіру мәселелерін талқылады. Қазақстан Сыртқы істер министрі жапондық әріптесін Қазақстанның сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік саясатының басымдықтарымен таныстырды.
Жапон министрі екіжақты форматтағы өзара әрекеттесуге назар аудара отырып Президент Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының, соның ішінде еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетінің тартымдылығын атап өтті. Ал Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінде Жапония өзінің жаңа технологиялық зерттеулерін ұсынады. Кездесу барысында жапон тарабы қазақстандық азаматтар үшін келу визасын ресімдеу мен олардың болу мерзімін ұзарту тәртібіндегі жеңілдетулері жөнінде мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі Орталық Азиядағы алдын-алу дипломатиясы жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының басшысы (UNRCCA) Петко Драгановпен кездесу өткізді.
Кездесуде Қазақстан Арал теңізі алабының су ресурстарын трансшекаралық басқару үшін нормативтік-құқықтық жаңғыру бойынша Өңірлік орталықтың күш-жігерін жоғары бағалайтыны және UNRCCA-дің Аралды құтқару халықаралық қорымен ынтымақтастығын қолдайтыны жөнінде айтылды. Сонымен бірге, өңірлік өзара әрекеттесу және трансұлттық қауіп-қатерге бірлескен қарсы күрес сияқты тағы басқа мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, Ашғабатта Түрікменстан Министрлер кабинетінің орынбасары Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесу өтті. Кездесуде екі ел сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің жақында Астанаға жасаған мемлекеттік іс-сапары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жоспарын қарастырып нақтылады.
Ал, бүгін, 2 мамырда Ашғабатта Қазақстан-түрікмен үкіметаралық комиссиясы өз жұмысын бастады.