«Орталық Азияда исламдық қаржыландыру орталығына айналамыз» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 20-сы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Көптің көзіне түскен Кендірлі» деген тақырыппен қызықты материал жариялапты. Мақалада Маңғыстау облысында көптен бері айтылып жүрген «Кендірлі» халықаралық курортының жобасына жан бітіп, жақын арада алғашқы инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары басталатыны баяндалған. Аптаның басында өңірге ат басын тіреген ғажайып жобаның негізгі іске асырушысы, яғни халықаралық компанияның сарапшылары Ақтау қаласы және Қарақия ауданы әкімдіктерінің өкілдерімен кездескен. Сонымен қатар жобаны жүзеге асырушылар облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа әлемдегі үздік демалыс аймағына айналуы тиіс «Кендірлі» халықаралық курорты жобасы құрылысының бас жоспарын таныстырып, нақты шешімге келгендерін хабарлаған. Жобаның құны 2,3 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Аталған басылымның хабарлауынша, елімізде енді екінші Ислам банкі құрылатын болады. «Орталық Азияда исламдық қаржыландыру орталығына айналамыз» тақырыбындағы материалда Қазақстандағы шариғат шарттарына сәйкес қаржылық қызмет көрсететін алғашқы компания - «Fattah Finance» акционерлік қоғамы Малайзия елінің қатысуымен Қазақстанда ислам банкін ашуға, Халал хабты құруға қол жеткізгені жарияланып отыр. Қазақстан осылайша, Орта Азия мен ТМД елдері аймағындағы исламдық қаржыландырудың орталығына айнала бастады. Біздің елдің келер жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететінін ескерсек, бұл бір сәті түскен шара болмақ. Осы және қоғамда қалыптасып отырған басқа да өзекті мәселелер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санынан оқуға болады.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданына қарасты Ақкөл ауылында бір ғасырдан астам тарихқа ие ғажайып мешіт бар. Бірегейлігі сол - оның қабырғасы кезінде бір шеге қағылмастан, таза ағаштан тұрғызылған. Алайда қазір ол апаттық жағдайда тұр. Бұл мәселе жөнінде басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Алла үйі апатты жағдайда тұр» атты мақаладан оқуға болады.
Сондай-ақ аталған басылымның хабарлауынша, демографиялық дүмпу жасаудан әлдеқашан өтіп кеткенімізді бағамдамай, «бұрынғыдай емес, бала туу көрсеткіші көтеріліп келеді» деп әлхам-шүкір айтып отырған шақта етектен тартар кедергілер көбейіп келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, еліміздегі отбасылардың 15 пайызы балалы болудан күдер үзген. 30 пайызы репродуктивті технология бойынша емделулері қажет. Әрбір бесінші отбасы бедеуліктің құрығына тұсалған. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Жатыр да жалға берілетін болды» атты мақаладан оқисыздар.
***
«Астана ақшамы» басылымы бүгінгі санында Астананың Бас жоспарының қала құрылысы аясында елорда іргесіндегі ауылдық аймақтарды дамыту туралы жобасына сәйкес Астана маңындағы ауылдар көркейетіні айтылған. Басылым тілшісінің хабарлауынша, Елбасы тапсырмасына сейкес әзірленген Астана қаласы Бас жоспары «Ғылыми-зерттеу жобалау институты» МКК-ның елорда маңындағы ауылдарды өркендетуге бағытталған жобасы кеше қоғамдық талқыға түскен. Атап айтқанда, жоба аясында Ақмоланың 17 ауданы мен Қарағанды облысының бірқатар аумағы Астанамен бірге көркеймек. Ал жоба аталған екі облыс пен бас қаланың 381,6 мың шаршы метр жерін қамтиды. Бұл туралы басылымындағы «Астана іргесіндегі ауылдар» атты мақаладан оқуға болады.
***
«Литер» басылымының бүгінгі санында Кабулде Ауғанстан мәселесіне арналған халықаралық конференцияның жұмысы басталатыны жарияланған. Басылымның жазуынша, Ауғанстан және барша әлемге маңызды саналатын бұл шараға қатысу үшін Астанадан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев аталған мемлекетке сапармен жүріп кеткен. Осы ауқымды форумда Ауғанстанды тұрақтандыруға және қайта құруға арналған өзекті мәселелер қамтылмақ. Конференцияға қатысатын 70 елден келген делегаттардың қауіпсіздігі үшін Ауғанстан билігі теңдессіз шараларды қабылдаған, яғни әуе кеңістігін жауып тастап, астанадағы автокөліктердің қозғалысына шектеу жасаған, сондай-ақ елде екі демалыс күні жарияланған.