Орталық Азияда исламның прогрессивті интеллектуалды дамуына негіз қалануы керек - Конференция үндеуі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия - тек қана исламның таралу аймағы болып қалған жоқ, ол сонымен қатар ислам өркениетінің гүлденуі мен исламдық ойлаудың дамуының тарихи орталығы болды.
None
None

Ал Ханафи мәзхабы Орталық Азияда бой көрсете бастаған өзінің діни-құқықтық ілімінің басымдылығын дәлелдей отырып, ортағасырлық радикалды фундаментализмнің тегеуріндеріне жауап бере алды. Астанада өткен «Орталық Азиядағы исламның рөлі» атты халықаралық конференция қатысушыларының үндеуінде осылай айтылады.

«Ислам - Орталық Азияның басым тұрғындарының тарихи діні. Көптеген ғасырлар бойы осы ұлан-байтақ даланың халықтары ұрпақтан-ұрпаққа рухани негіздерін исламнан тауып, өнегелі тұспалдарын, өзгермейтін құндылықтарын бойына сіңіріп, өздерінің дәстүрі мен мәдениетін байыта түсті. Орталық Азиядағы ислам мәдениеті оның барша тұрғындарының күш салуымен дамыды. Осы топырақтан шыққан ұлы тұлғалар әлем тарихына тек қана Құран мен Сүннеттің әйгілі білгірлері болып қана қалмады, олар табиғи және гуманитарлық ғылымды дамытқан ұлы ғұламалар ретінде танымал болды», - делінген Үндеуде.

Сонымен қатар, қатысушылар Орталық Азия мұсылмандарын жалпыға ортақ діни негіз болып табылатын объективті, рационалды тұрғыдан исламдық қағидаттар мен дәстүрлі құндылықтарды үйлестіре білуімен ерекшеленетін сүнниттік исламдағы Ханафи мәзхабы біріктіріп отырғанын атап өтеді. Олардың пікірінше, Ханафи мектебінің осындай маңызды ерекшеліктері көп этносты және көпконфессиялы аймақта халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне негіз болып табылады.

«Біздің қоғам ұзақ жылдарға созылған атеизм мен дінге қойылған шектеулерден кейін бүгінгі күні діни жаңғыру құбылысын басынан кешіріп, өзінің рухани бастауларына қайта оралуда. Алайда нақ осы кезеңде Орталық Азияның рухани кеңістігі дін атын жамылған, діннің ішкі мәніне бойламай сыртқы формада қабылдайтын, бұрмаланған жат идеологиялардың шабуылына ұшырады. Жалған дін уағыздаушылары қоғамға дін тазалығы туралы өз көзқарасын таңуға, Орталық Азияда ислам дәстүрлерінің болмағандығын дәлелдеуге тырысып, исламмен етене байланысқан ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды жоққа шығаруда. Өкінішке қарай, аталмыш насихатпен алданған жеке дінге сенушілердің арасында өз отбасынан, халқының ұлттық дәстүрінен, отанынан және ақиқат діни сенімнен безіп, бас тарта бастағандардың қатары көбейе бастады. Олардың ішінде шектен шығып, терроризм мен экстремизм актілерін жасағандар да бар», - делінген Үндеуде.

Осыған орай, конференцияға қатысушылар Орталық Азия халықтарының мұндай тегеуріндерге өз жауабы бар екендігіне сенімді. Бұл - одан әрі гүлдену мен ізгілікті қалыптастыратын исламның құнды мұрасы. Сарапшылар пікірінше, Ханафи мәзхабы өзінің діни-құқықтық ілімінің басымдылығын дәлелдей отырып, ортағасырлық радикалды фундаментализмнің тегеуріндеріне жауап бере алды.

«Бүгінгі таңда терең мәдени, тарихи дәстүрлерге ие аймақтың мұсылман халқы радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің ешқандай түрлерін қабылдамайды. Олар исламды ізгіліктің, даналықтың, өзгелерге деген құрмет пен жалпыға ортақ прогрестің бастаушысы ретінде мойындайды. Олар ата-баба дәстүріне құрмет көрсетіп, ұрпақтарының амандығы үшін барлық жағдайды жасайды. Ғұламалардан қалған ғылыми, әдеби, мәдени және рухани-өнегелік мұра бүгінгі күні де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан еліміздің халықтарының өзара өркендеуі үшін ғылым мен мәдениетті дамыту үшін ата-бабаларымыздың жолын жалғастырып, Орталық Азия аумағында мұсылман қауымының прогрессивті интеллектуалды дамуы үшін негіз қалауымыз керек», - делінген Үндеуде.

Конференцияға қатысушылар барлық азаматтарды, зиялы қауым өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын, мұсылман дін қызметшілерін осындай рухани әлеуетті сақтап, оны әрі қарай күшейту үшін бар күш-жігерін біріктіруге шақырады.

«Орталық Азиядан әлемге жарық шашқан Исламның рөлі жер бетінде бейбітшілік орнату, тыныштықты сақтау және гүлдендіру болып табылады», - делінген Үндеуде.

Соңғы жаңалықтар