Орталық Азияда лаңкестік қауіп күшейе түседі - Ерлан Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Саясаттанушы Ерлан Қариннің айтуынша, Сириядағы соғыста жеңілгеннен кейін ДАИШ Ауғанстанға бет бұрды. Ал Орталық Азиядан аттанған содырлардың қайта оралуы аймақтағы радикализмді ушықтыруы әбден мүмкін, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық Азияда лаңкестік қауіп күшейе түседі - Ерлан Қарин

"Сирия мен Ирактағы әскери-саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Орталық Азия содырлардың қайта оралу проблемасына тап болуы әбден мүмкін. Сарапшылардың мәліметі бойынша аталған екі елдің территориясында түрлі лаңкестік топтардың құрамында Орталық Азияның 5 мыңға жуық азаматы соғысты. Енді жүздеген содырлар сан алуан жолдармен, сан алуан мақсаттармен қайта оралып жатыр. Бұдан бөлек, "ұйқыда жатқан" радикалдар тағы бар. Сондықтан биыл аймақ елдеріне лаңкестікке қарсы шараларға баса назар аударуға тура келеді", - дейді Е.Қарин.

Оның айтуынша, Сирия мен Ирактағы соғыста жеңілгеннен кейін ДАИШ Ауғанстан жеріндегі өз ықпалын күшейтуге тырысып жатыр. Қазірдің өзінде ауған жеріндегі әскери жағдай ушығып тұр.

"Соңғы бір айда Кабул және басқа да аймақтарда болған лаңкестік әрекеттердің бәрін ДАИШ содырлары ұйымдастырған. Осыдан екі жыл бұрын сарапшылар аталған террористік ұйымның ықпалы асыра көрсетілді деп еді. Өкінішке қарай, олай емес болып шықты. ДАИШ Орталық Азияға жақын жатқан Ауғанстандағы өз ықпалын күшейтіп келеді", - деп атап көрсетті Е.Қарин.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесі (ҚХҚК) биылғы жылдың маңызды оқиғаларын жариялады. Сарапшылардың болжамына сәйкес, ағымдағы жылда Орталық Азияның экономикасы өседі. Бұдан бөлек, Орталық Азия басшылары 2005 жылдан бері алғаш рет кездесуі мүмкін деген тұспал бар.