Орталық Азияда ұлттық құқық қорғау мекемелерін күшейту қажет - Омбудсмен Шәкіров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық құқық қорғау мекемелерін күшейту қажет. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен Орталық Азия елдерінің ұлттық құқық қорғау мекемелерінің өңірлік консультациясында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық Азияда ұлттық құқық қорғау мекемелерін күшейту қажет  - Омбудсмен Шәкіров

Конференция барысында ұлттық құқық қорғау тетіктерін жетілдіру, халықаралық гуманитарлық және экономикалық сын-қатерлерге қарсылық білдіру жағдайында адам құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланған болатын. Бұдан бөлек, жаһандық және өңірлік құқық қорғау ынтымақтастықты күшейту, ұлттық құқық қорғау мекемелерінің тұрақты даму мақсаттары жайында әңгіме өрбіген.

Жиын барысында сөз сөйлеген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров өз сөзінде Қазақстандағы адам құқықтарының қорғалу жағдайы мен БҰҰ конвенциялық органдары ұсынымдарының орындалу барысы туралы мәліметтер келтірді. Сондай-ақ ол Омбудсмен институтының мемлекет пен қоғамның арасында медиатр ретіндегі рөлінің және адам құқықтарын қорғау саласында озық тәжірибені енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Айта кетерлігі, халықаралық сарапшылар Қазақстанда іске асқан бірқатар құқық қорғау жобалары Орталық Азия өңіріндегі елдерде қолдану үшін пайдалануы мүмкін екенін алға тартады.  Сонымен қатар, балалар құқығын қорғау, азаптаулардың алдын алу, азаматтық қоғаммен және мемлекеттік органдармен әрекеттестік салаларындағы қазақстандық Омбудсмен кеңсесі жұмысының тәжірибесіне шетел әріптестері қызығушылық білдіріп отыр.

Кездесу барысында сарапшылар ұлттық құқық қорғау мекемелерінің рөлін күшейту, серпінді де тұрақты қоғам мен мемлекет арнасында халықаралық стандарттарға сәйкес оларға үлкен институционалдық және құқықтық мәртебесінің қажеттілігі туралы пікір білдірді.

Еске салайық, Ыстамбұлдағы БҰҰ даму бағдарламасының өңірлік кеңсесі және Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Жоғары комиссары басқармасының өңірлік бөлімшесі Орталық Азия елдерінің ұлттық құқық қорғау мекемелерінің өңірлік консультацияларына бастамашылық жасаған болатын.  Консультациялардың жұмысына Орталық Азия мемлекеттерінің омбудсмендері мен заң шығарушы және атқарушы органдарының өкілдері, азаматтық қоғамдары, сондай-ақ Малайзияның, Моңғолияның, Сербияның, Финляндияның, Ұлыбританияның, Швецияның, Ұлттық құқық қорғау мекемелердің жаһандық альянсының, Азия-Тынық Мұхиты Форумының, Еуропалық омбудсмендер қауымдастығының халықаралық сарапшылары қатысты.