12:42, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
«Орталық Азиядағы азаптау әрекеттерінің жолын кесу» жобасының қорытындысы жария етілді
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда болған баспасөз мәслихатында «Орталық Азиядағы азаптау әрекеттерінің жолын кесу» жобасын жүзеге асырудың қорытындысы жария етілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Еуропалық Одақтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда іске асырылды. Екі жыл бойы атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша құқық қорғау органдары тарапынан жасалатын зорлық-зомбылықтарға қатысты зерттеулер сараланды. Зерттеушілер Орталық Азиядағы қысым көрсетіп, азаптауға қарсы тұру деңгейі біршама жақсарғанымен, жалпы ахуал қиын екендігін айтуда. Бұл жобаға Фридом Хаус Еуропа ұйымы мен аймақтағы серіктес-ұйымдар атсалысқан. «Қазіргі қоғамда зорлық-зомбылық әрекеттерінің тыйылмай отырғаны аса өкінішті. Бұл келеңсіздікті болдырмау жолында бәріміз күш жұмылдырып, бірлесе күресуіміз керек. Осы жоба аясында бірқатар іс-шаралар атқарылып, қоғамдағы азаптауға қатысты мәселенің шешілуіне аз да болса үлес қосылды деп ойлаймын», - дейді Еуропалық Комиссияның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілдігінің Қазақстанға техникалық жәрдем беру бөлімінің бастығы Рене Малли. Аталмыш жоба шеңберінде үш елде коалициялар мен мониторингтік топтар құрылды, олар зорлық-зомбылық деректерін анықтап отырды. Жобаны жүзеге асыру барысында аталған мемлекеттерде 756 азаптау дерегі тіркелген.