Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қазір жаңа тәсілдер талап етіледі - Президент
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға арнаған құттықтау бейнеүндеуінде қазіргі заманғы нақты жағдайда біздің өңір үшін ең маңызды міндет – тұрақтылықты сақтау және қауіпсіздікті нығайту екенін айтты. Бұл ретте қауіп-қатерді тиімді болжау, алдын алу шараларын жедел әзірлеу және сапалы жаңа интеграцияланған тәсілдер талап етіледі.
«Қазіргі заманғы нақты жағдайда біздің өңір үшін ең маңызды міндет – тұрақтылықты сақтау және шекаралардың бүкіл периметрі бойынша қауіпсіздікті нығайту. Біз бұл мәселені 2022 жылдың қазан айында елордада Орталық Азия және Ресей форматындағы өткен Мемлекет басшыларының бірінші кездесуінде жан-жақты талқыладық. Қауіпсіздік біздің өзара іс-әрекетіміздің шешуші бағыттарының бірі ретінде анықталды. Бұл ретте қауіп-қатерді тиімді болжау, ерте кезеңде алдын алу шараларын жедел әзірлеу қаралады», - деді Президент.

Президент Орталық Азия елдері мен Ресей Қауіпсіздік кеңестері хатшылары арасындағы кездесулер осы бағыттағы нақты тәсілдер мен шешімдердің қалыптасуына ықпал ететінін мәлімдеді.
«Гибридті амалдар мен ақпараттық технологияларды қолдана отырып, өңірдегі жағдай тұрақтылығын бұзу әрекеттеріне жауап берудің нақты механизмін жасақтау қажет», - деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халықаралық лаңкестік топтармен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, діни радикалдармен тығыз астасып жатқан есірткі бизнесімен күреске ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

«Бұл ретте Орталық Азия өңірі бойынша есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі ақпараттық үйлестіру орталығы сияқты құрылымдар шешуші рөл атқаруы тиіс. Бұл орталықтың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Аймақтық қауіпсіздіктің аталған тәуекелдері Ауғанстандағы жағдаймен тығыз байланысты. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша тиісті қадамдар Алматыда құрылып жатқан БҰҰ аймақтық хабының қызметі аясында жүзеге асырылуы мүмкін. Жалпы, қазіргі кезеңде ақпарат алмасуды кеңейту және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы үйлестіруді арттыру бойынша жеке шаралар жеткіліксіз деп ойлаймын. Уақыт сапалы түрде интеграцияланған жаңа тәсілдер қалыптастыруды талап етеді. Осы кездесу оған жақсы негіз болатынына сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірінші кездесу барысында Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары қазіргі халықаралық жағдай мен аймақ елдерінің ұлттық мүдделеріне негізделген ынтымақтастықтың нақты бағыттарын қарастырды.

Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов ынтымақтастықтың басым бағыттарын, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, көлік және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етуді ұсынды. Жалпы экожүйені, соның ішінде климаттың өзгеруі жағдайында сақтау қажеттігін ескере отырып, су қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ғизат Нұрдәулетов пен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевтің төрағалығымен Қазақстан мен Ресей Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасында жоспарлы екіжақты консультациялар өтті, оған тиісті ведомстволардың басшылары мен қызметкерлері де қатысты. Тараптар Орталық Азиядағы терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты талқылады, қазіргі геосаяси жағдайға баға берді.

