Орталық Азияның беделді сарапшылары елордада бас қосты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының алаңында «Орта Азия елдерінің XXI ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» халықаралық онлайн-конференциясы өтті. Онда Қазақстан және халықаралық ғылыми ұйымдардың жетекші сарапшылары мазмұнды пікірталас өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық Азияның беделді сарапшылары елордада бас қосты

Орталық мәліметінше, конференцияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық бастамаларын және әлемдік аренадағы қазақстандық модельді насихаттау, мәдениеттерді жақындастыру үшін күш біріктіру, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің мәдени-гуманитарлық саласындағы аймақтық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралды.

Н.Назарбаев орталығының тасқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев халықаралық форумға қатысушы сарапшыларға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы қарулы қақтығысқа алаңдаушылық білдіре отырып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың қырғыз және тәжік халықтары біз үшін тарихы, мәдени құндылықтары ортақ бауырлас ел деген тұжырымдамасына тоқталды.

Б.Сәрсенбаев өзінің құттықтау сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің діни толеранттылық пен өркениетаралық диалогты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі конференцияға қатысушылар алдында басты міндет - жалпы мәдени мұраны сақтай отырып, Орталық Азияны гүлденген аймаққа айналдыру екенін жеткізді.

«Диалог - аймақтағы достық, өзара түсіністік пен тұрақтылық атмосферасын нығайтудың ең сенімді тәсіл. Мәдениеттер мен халықтар арасындағы татулықты ортақ мүдде, жалпыға ортақ қағидат негізінде дамыту мүмкін болады», - деді Н.Назарбаев орталығының басшысы.

Болат Сәрсенбаевтың пікірін қолдай отырып, халықаралық сарапшылар съез аясындағы Елбасы Н.Назарбаевтың айрықша үлесіне және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың әртүрлі конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісім моделін құрудағы айрықша рөліне баса назар аударды.

Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар заманауи прогрессивті әлемде ең алдымен, әлеуметтік, саяси және экономикалық салаларында рухани үндестік пен көршілік ынтымақтастықтың біріктіруші факторы болып табылатындығын растады.

«Орта Азия елдерінің XXI ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» халықаралық онлайн-конференциясының қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелерін одан әрі зерделеу, мәселелерді шешуде өзара іс-қимылдың тұрақты механизмдерін қалыптастыру бойынша тиісті ұсыныстар әзірледі. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен оның институттары арасында ынтымақтастықты жандандыруға келісті.