Орталық мемлекеттік мұрағат еліміздегі ғылыми және мәдени маңызы бар ірі тарихи құжаттық дереккөздерді жинаушы мекемеге айналды

АЛМАТЫ. 24 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Орталық мемлекеттік мұрағатына 90 жыл толуына арналған «Мұрағаттар. Еліміздің мәдени мұрасын сақтаудағы орны мен қызметі, тарихы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
None
None

Оның жұмысына ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, мұрағатшылар, өлкетанушылар мен қоғамдық өкілдер, сондай-ақ, мұрағат ардагерлері қатысты.

Конференцияда мұрағаттың еліміздің мәдени мұрасын сақтаудағы орны мен қызметі, мұрағатшылардың қосып жатқан үлесі, мұрағат тарихының зерттелуі, сондай-ақ, мұрағаттың қоғамның әлеуметтік-мәдени саласындағы бүгінде алатын орны сынды тақырыптар талқыланып, осы салаға қатысты өзге де мәселелер қаралды.

Конференция барысында: «Бүгінде Орталық мемлекеттік мұрағат еліміздегі ғылыми және мәдени маңызы бар ірі тарихи құжаттық дереккөздерді жинаушы ғылыми және мәдени мекемеге айналды», - деп атап өтілді.

Орталық мемлекеттік мұрағаттың Бас директоры Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Орталық мұрағаттың қорлары үнемі толықтырылып отырады. «Әр түрлі бағдарламалар аясында, оның ішінде «Қазақстан Республикасында мұрағат ісін дамыту» бағдарламасы бойынша қорымызды толықтыру жөніндегі жұмыстар орындалуда. Түркиядан, Еуропадан, Араб елдерінен соңғы жылдары көп құжаттар мен көшірмелер алдық. Мәселен, тек Ресей мұрағаттарының өзінен, он алтыншы ғасырдан бастап, Қазақстан тарихы бойынша 1000-нан аса құнды құжаттардың көшірмелері алынды»,-деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мұрағатта 34 қызметкер жұмыс жасайды. «Олар жыл сайын тақырыптық кемеңгерлік және әлеуметтік-құқықтық сипатта 2000-нан аса сұрау-хаттарға жауаптар әзірлеумен қатар, ғылыми мекемелермен бірлесіп, мұрағат құжаттарының негізінде құжаттар мен материалдардың 100-ден аса жинақтарын шығарды. Олардың арасында «Бөкей хандығының тарихы (1801-1852 ж.ж), «Академик Қ.И.Сәтпаев», «Қазақстан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде» және т.б. көптеген материалдар бар. Ол жинақтарға Ресей Федерациясы мұрағаттарының құжаттары да қосылған»,- деді Л. Ақтаева.

Конференция барысында Орталық мемлекеттік мұрағатыың 90 жылдығына арналған деректі фильм көрсетіліп, «Жауhар жәдігерлер» атты көрме ашылды. Көрмеге соңғы уақытта шетелдерден алынған құнды мұрағат құжаттары мен көшірмелер қойылған.

Соңғы жаңалықтар