Орталық органдарға «А корпусы» лауазымдарынан тағайындау 1 тамызға дейiн аяқталады
Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнiң брифингiнде ҚР Президентi Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Ғабидулла Әбдiрахымов мәлiм еттi.
"Қазiргi уақытта "А корпусының" лауазымдарына кадр резервiнен тағайындау басталды. Жергiлiктi атқарушы органдарда барлық аудан әкiмдерi, облыс әкiмдерiнiң аппарат басшылары тағайындалды. 198 аудан әкiмдерiнiң 82 әкiмi жаңадан келген азаматтар. Орталық органдарға "А корпусы" лауазымдарынан тағайындау 1 тамызға дейiн аяқталады", - деп атап көрсеттi Ғ. Әбдiрахымов.
Оның айтуынша, "А корпусының" кадрлық резервiне кiру үшiн 2024 үмiткер өтiнiш бiлдiрген. Олардың iшiнен бiлiктiлiк талаптарына сәйкес, 1851 үмiткер тестiлеуге жiберiлдi. Үмiткерлердiң заңдарды, мемлекеттiк тiлдi бiлуi, басқарушылық-ұйымдастырушылық қабiлеттерi тексерiлдi. Тестiлеудiң қортындысы бойынша Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссияға 1122 үмiткер жiберiлдi. Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссия барлық үмiткерлерді Ақордаға шақырып, әңгiмелесу өткiздi.
"Жалпы айтқанда, тестiлеуден үмiткерлердiң 31 пайызы, ал әңгiмелесу кезеңiнен 16 пайызы өте алмады. Нәтижесiнде "А корпусының" 546 лауазымына үмiткер болып 940 адам кадр резервiне қабылданды. Оның iшiнде 83 пайызы - мемлекеттiк қызметкерлер, ал 17 пайыз - бизнес, қоғамдық ұйым, ұлттық компаниялар мен мемлекеттiк мекемелердiң өкiлдерi, 85 пайызы - ерлер, ал 15 пайызы - әйелдер", - дедi Ғ. Әбдiрахымов.